Трамп Иранды ауқымды экономикалық оқшаулауға көшетінін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы ауқымды экономикалық операция басталғанын жариялады. Оның айтуынша, Вашингтон Ислам Республикасын бұрын-соңды болмаған деңгейде экономикалық оқшаулауды көздеп отыр.
— Иранға келісім жасау үшін менен артық мүмкіндік берген ешкім болған жоқ. Өкініштісі, олар бұл мүмкіндікті пайдалана алмады, — деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.
АҚШ президенті жаңа науқанды «бұрын-соңды болмаған ауқымдағы экономикалық соғыс пен оқшаулау» деп атады.
Трамп сондай-ақ Иранды қолдайтын елдерді ықтимал салдар туралы ескертіп, АҚШ одақтастарын Вашингтонға қосылуға шақырды.
Алайда АҚШ президентінің мәлімдемесінде Вашингтонның Тегеранға қарсы нақты қандай жаңа экономикалық шаралар қабылдайтыны айтылмаған.
Айта кетейік, Иран АҚШ-ты Парсы шығанағын ластады деп айыптады. Тегеран Парсы шығанағы мен Оман теңізіне келтірілген экологиялық залал үшін өтемақы талап етуге ниетті.