Трамп Капитолий бүлікшілерін кешіруге уәде берді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп 2021 жылы Вашингтонда болған тәртіпсіздіктерге қатысты сотталғандардың ісін қызметіне кіріскеннен кейін бірінші күні қайта қарауға ниетті, деп хабарлайды DW.

Трамп өзінің сотталған көптеген жақтастары «ешқашан ашылуына жол берілмейтін лас, жиіркенішті жерде жылдар бойы отырғанын» айтты.
- Мен өте тез әрекет етемін. Бірінші күн, - деді Трамп NBC News-ке берген сұхбатында.
Бұл ретте ол сотталғандардың барлығын кешірмейтінін және істі жеке қарайтынын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 6 қаңтарында Дональд Трамптың жақтастары АҚШ конгресінің ғимаратына басып кіріп, президенттік сайлаудағы демократ Джо Байденнің жеңісін алаяқтық деп тануды талап еткен болатын. Көпшілігі полиция қызметкерлеріне зорлық көрсетті.