Трамп Қаржы және Сауда министрлерінің үгіттеулерінен кейін тарифтерді уақытша тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Қаржы министрі Скотт Бессентпен және Сауда министрі Говард Лютниктпен әңгімелескеннен кейін экономикалық баж салығын енгізуді уақытша тоқтатты. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

WSJ дерегі бойынша, министрліктердің басшылары Трампты агрессивті тарифтік жоспарды тоқтатуға көндірген. Алайда АҚШ президентінің сауда жөніндегі кеңесшісі Питер Наварро баж салығын сақтап қалуды талап еткен. Бессент пен Лютникпен әңгімеден кейін Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында кейбір тарифтердің күшін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдағанын жариялаған.
Газеттің мәліметінше, 2 сәуірде Трамп енгізген бірнеше сауда тарифі күшіне енгеннен кейін қор нарықтары күрт құлдыраған. Бұл Ақ үйде қатты алаңдаушылық туғызды.
Сонымен қатар, Трамптың сауда кеңесшісі Наварро АҚШ президенті мен министрліктер басшылары арасындағы әңгімені білмегені де хабарланды.
9 сәуірде Трамп келіссөздер жүргізуге дайындық білдірген елдерге қатысты баж салығын арттыруды 90 күнге тоқтататынын мәлімдеді. Бұл елдер үшін импорттық тариф мөлшері 10% деңгейінде сақталады. Бессенттің айтуынша, бұл тоқтату Канада мен Мексикаға да қатысты.
Сонымен қатар, АҚШ президенті Қытайдан келетін өнімдерге арналған тарифтерді 125%-ға дейін көтерді.
Айта кетелік АҚШ Президенті Дональд Трамп Қытай АҚШ тауарларына салынған 34% баж салығын алып тастамаса, 9 сәуірден бастап Қытайдан әкелінетін өнімдерге 50% қосымша баж салығын енгізетінін мәлімдеді.