Трамп кеңесшісі: АҚШ 10 жыл ішінде тарифтерден 6 трлн доллар табыс табады
АСТАНА. KAZINFORM — Питер Наварро АҚШ автомобиль өнеркәсібіндегі тарифтерден ғана шамамен 100 млрд доллар табыс күтіп отырғанын атап өтті. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
АҚШ-тың импорттық баждан түсетін кірісі он жыл ішінде шамамен 6 трлн доллар болмақ. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда және өндіріс жөніндегі аға кеңесшісі Питер Наварро мәлімдеді.
— Баж жылына шамамен 600 млрд доллар әкеледі, бұл он жыл ішінде шамамен 6 трлн доллар болады, — деді ол Fox News телеарнасына берген сұхбатында.
Наварроның айтуынша, АҚШ тек автомобиль өнеркәсібіне қатысты баждан шамамен 100 млрд доллар табыс күтеді. Сондай-ақ, ол Трамп әкімшілігі америкалық көліктерді сатып алатындарға салықтық жеңілдіктер енгізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
10 ақпанда Трамп барлық импортталатын болат пен алюминийге 25% көлемінде кедендік баж енгізуді тапсырды. Бұл шешім 12 наурызда күшіне енді және Австралия, Аргентина, Бразилия, Ұлыбритания, Еуропалық Одақ, Канада, Мексика, Оңтүстік Корея және Жапониядан жеткізілетін өнімдерге қатысты.
4 наурызда АҚШ әкімшілігі Канада мен Мексикадан келетін импорттың басым бөлігіне 25% кедендік баж салды, сондай-ақ Қытайдан әкелінетін тауарларға тарифтерді 10%-дан 20%-ға дейін көтерді.
6 наурызда Трамп Канада мен Мексикадан импортталатын, үшжақты сауда келісіміне жататын тауарларға 25%-дық импорттық баж енгізуді 2 сәуірге дейін кейінге қалдыру туралы жарлықтарға қол қойды. Ол осы күннен кейін ешқандай жеңілдіктер болмайтынын ескертті.