Трамп Қытайға Blackwell чиптерін сатуға қашан рұқсат беретінін айтты
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы екі-үш жылда Nvidia компаниясының Blackwell чиптері ең озық технология санатынан шыққан кезде, оларды Қытайға сатуға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлады Lianhe Zaobao.
Bloomberg агенттігінің 19 қарашадағы мәліметіне сүйенсек, Трамп Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (APEC) саммиті аясында Fox News арнасына сұхбат берген.
– Екі-үш жылдан кейін, егер мен әлі қызметте болсам, Blackwell чиптерін сатуға болады деп рұқсат берер едім. Себебі ол уақытта компанияда одан да жаңа өнімдер пайда болады, – деді ол өз сөзінде.
Айта кетейік, Трамптың екінші президенттік мерзімі 2029 жылдың қаңтарында аяқталады.
АҚШ президентінің айтуынша, Nvidia қазірдің өзінде Blackwell-ден асып түсетін жаңа буын чиптерін әзірлеп жатыр. Ол Blackwell чиптері қазір өте озық болғанымен, тағы бір жылдан кейін ескіруі мүмкін деп есептейді.
Blackwell чиптері – АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекенің басты нысандарының бірі. Оның жоғары есептеу қуаты Қытайға жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын жедел дамытуға мүмкіндік береді. Бұған дейін Nvidia АҚШ үкіметінен осы чипті Қытайға сатуға рұқсат алуға тырысқанымен, Трамп әкімшілігі келісім бермей, тек өнімділігі төмендеу H200 процессорларын экспорттауға ғана рұқсат еткен болатын.
Өткен аптада Nvidia-ның бұрынғы бас директоры Дженсен Хуанг жеке өміріне қатысты дау-дамайдан соң қызметінен кеткеннен кейін, компанияның Қытай нарығына деген көзқарасы да өзгерді.
17 қарашада өткен қаржылық есеп беру жиынында Nvidia бас директорының міндетін атқарушы Колетт Кресс компанияның АҚШ үкіметі мақұлдаған Hopper сериялы деректер орталығы чиптерін Қытайға жеткізуді тоқтатқанын жариялады. Енді болашақ кіріс болжамдарына да осы өнімдерден түсетін табыс енгізілмейді. Ол өткен тоқсанда Қытайда құны 2,4 миллиард АҚШ долларын құрайтын Hopper өнімдері сатылғанын айтқанымен, жеткізілімді тоқтату себебін нақтыламады.
Сол күні Nvidia ұлттық қауіпсіздік және экспорттық бақылау мәселелерімен айналысатын директорлар кеңесінің арнайы комитетін құратынын мәлімдеді. Компанияның жаңа төрағасы Харви Джонс ұлттық қауіпсіздік ахуалы нарықтық ортаны түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтіп, келесі бас директор бұл мәселеге аса сақтықпен қарауы тиіс екенін ескертті.
Сонымен қатар осы аптада Трамп әкімшілігі қытайлық компаниялардың шетелдік деректер орталықтары арқылы озық ЖИ чиптері мен серверлерін қашықтан пайдалануын шектеу үшін бірқатар елдерге чип экспорттауды бақылауды күшейтті.
Трамптың соңғы мәлімдемесі АҚШ Конгресінде озық чиптердің Қытайға экспортын шектейтін заң жобасын ілгерілетуге қосымша серпін беруі мүмкін. Республикашыл сенатор Джим Бэнкс пен демократ сенатор Элизабет Уоррен Blackwell секілді озық чиптерді Қытайға сатуға тыйым салатын «Жасанды интеллектті қадағалау туралы заң» (AI Overwatch Act) жобасын ұсынып отыр. Қазіргі уақытта бұл құжат жылдық қорғаныс бюджеті туралы заң аясында соңғы келісу кезеңінен өтіп жатыр.
Бұған дейін АҚШ Қытай, Ресей және Иран компанияларының шетелдік деректер орталықтары арқылы озық жасанды интеллект чиптеріне қашықтан қол жеткізуін шектейтін жаңа ереже әзірлеп жатқанын жаздық.