Трамп Қытаймен баж салығын ұзарту туралы соңғы шешімді қабылдайды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ пен Қытай шенеуніктері Стокгольмдегі екі күндік келіссөзден кейін сейсенбі күні екі жақ сындарлы деп бағалаған 90 күндік сауда бітімінің мерзімін ұзарту туралы келісті, деп хабарлайды Reuters.
Келіссөз жаһандық экономикалық өсімге қауіп төндіретін әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы шиеленісті азайтуға бағытталған.
Үлкен жетістіктер туралы хабарланбағанымен, АҚШ өкілдері 12 тамызда аяқталатын уақытша келісімді ұзарту туралы шешімді президент Дональд Трамп қабылдайтынын атап өтті. Әйтпесе, тарифтер қайтадан үш таңбалы деңгейге көтерілуі мүмкін. Алайда АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Трамптың уақытша келісімді ұзартудан бас тартуы туралы болжамдарды жоққа шығарды.
— Кездесулер өте сындарлы өтті. Бірақ біз әлі келісім берген жоқпыз, — деді Бессент тілшілерге.
Айлар бойы жоғары тарифтермен қорқытқаннан кейін Трамп ЕО, Жапония, Индонезия және басқа елдермен сауда келісімдерін жасады.
Бессенттің мәлімдеуінше, ол Трамппен сәрсенбі күні кездесуді күтеді және президент бітімді ұзарту туралы соңғы шешімді қабылдайды.
Ол сондай-ақ 90 күннен кейін Америка мен Қытай өкілдерінің тағы бір кездесуі болуы мүмкін екенін хабарлады.
Еске сала кетсек, мамыр айында Қытай тауарларының АҚШ-қа импорты үшін баж салығы 115 пайыздан 30 пайызға дейін, америкалық тауарлардың Қытайға импорты 10 пайызға өзара төмендетілгені туралы хабарланған болатын.
Бұған дейін АҚШ Қытайдың кейбір тауарына баж салығын 31 тамызға дейін тоқтатқанын жазған болатынбыз.