Трамп Нетаньяхумен кездесуде Газа секторын бақылауға алу идеясын тағы да алға тартты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху екі сағатқа жуық уақыт өткен кездесу барысында Газа, Сирия, Иранды және тарифтер мәселесін талқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Трамп Газа секторын «еркін аймаққа» айналуы мүмкін екенін мәлімдеп, оны бақылауға алу идеясын тағы да алға тартты, деп хабарлайды NBC News.
- Мен бұл жылжымайтын мүліктің өте маңызды нысаны деп ойлаймын. Менің ойымша, бұл біз қатыса алатын нәрсе, бірақ, сіз білесіз бе, ол жерде Құрама Штаттары сияқты Газа секторын бақылайтын және оған иелік ететін бітімгершілік күштері болғаны жақсы болар еді, - деп мәлімдеді Дональд Трамп.
Трамп сонымен бірге Сириядағы ықпал ету үшін қақтығысқа дайын тұрған Израиль мен Түркия арасында делдал бола алатынын хабарлады, деп жазды The Times of Israel.
Америкалық көшбасшы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен жақсы қарым-қатынаста екенін, оны өте жақсы көретінін және оны «өте ақылды» деп санайтынын хабарлады.
Президент Трамптың мәлімдеуінше, Құрама Штаттар сенбі күні ядролық келісімді талқылау үшін Иранмен «тікелей» келіссөз жүргізеді. Дегенмен ирандық шенеуніктер жоспарда омандық дипломаттарды делдал ретінде пайдалану бар екенін айтты, деп хабарлайды The New York Times.
Трамп жоспарларын Нетаньяхумен кездескеннен кейін жариялап, келіссөз сәтсіз аяқталса, Иранға «үлкен қауіп төнетінін» атап өтті.
Трамп пен Нетаньяху сәрсенбіде күшіне енетін Израильден импортталатын АҚШ-тың жаңа 17% тарифтерін де талқылады, деп хабарлайды CBS News.
Нетаньяху Израильдің жақын арада елінің АҚШ-пен сауда тапшылығы мәселесін шешетінін айтты.
- Біз Құрама Штаттармен сауда тапшылығын жоямыз. Біз мұны өте жылдам орындауды көздеп отырмыз. Бұл дұрыс деп есептейміз. Сондай-ақ біз сауда кедергілерін жоямыз, - деп хабарлады Беньямин Нетаньяху.
Бұл Трамптың қаңтарда билікке келгеннен бері Нетаньяхудың Ақ үйге екінші сапары. Бұған дейін Израиль премьер-министрі АҚШ-қа ақпан айының басында барған болатын. Олардың соңғы кездесуінен бері ХАМАС пен Израиль арасындағы бітім бұзылды.
Бұған дейін Израиль Газадағы әскери операциясын кеңейткенін жазған болатынбыз.