Трамп Ормуз бұғазындағы миналарды толық тазартқанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық Әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазының халықаралық суларындағы миналарды залалсыздандыру жұмыстарын толық аяқтағанын жария етті, деп хабарлайды Kazinform.
Америкалық көшбасшының айтуынша, АҚШ Әскери-теңіз күштері бұғаздан анықталған барлық минаның алынып тасталғанын немесе жойылғанын хабарлаған.
Трамп Иранға бұғазға жаңа мина орнатудың ықтимал салдары туралы ескертілгенін де айтты.
— Жаңа мина орнататын кез келген кеме немесе қайық дереу және жүйелі түрде жойылады, — деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.
АҚШ президентінің сөзінше, Ормуз бұғазындағы жағдай АҚШ Ғарыш күштерінің мүмкіндіктері арқылы бақылауда.
Сондай-ақ Трамп Пикакс тауын және бұған дейін жойылған үш ядролық нысанды атап өтіп, бұл аумақтардың да бақылауда екенін мәлімдеді.
Америкалық көшбасшы жаңа миналарды орнатуға қатысты «нөлдік төзімділік» саясаты ұстанылатынын атап өтті.
Ормуз бұғазы — әлемдік энергетикалық сауданың маңызды бағыттарының бірі. Өңірдегі шиеленістің сақталуына байланысты бұғаздағы кеме қатынасының қауіпсіздігі өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Бұған дейін Трамп Оман Ормуз бұғазы жөніндегі келіссөзге кедергі келтірсе, шабуыл жасайтынын айтып, қорқытқанын жазған едік.