Трамп Ормуз бұғазының атауын «өзгертті»

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазы «Трамп бұғазы» деп өзгертілген картаны жариялады, деп хабарлайды Kazinform.

Трамп Ормуз бұғазының атауын «өзгертті»
Фото: Anadolu

Ақ үйдің басшысы картаның суретін Truth Social желісінде бөлісті. Онда бұғаз шеңбермен белгіленіп, «Трамп бұғазы» деп көрсетілген.

BBC хабарлауынша, Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи жұма күні Тегеран АҚШ-қа Ормуз бұғазын бір апта ішінде қайта ашу жөнінде келісім ұсынғанын айтты.

Арагчидің сөзінше, Ормуз бұғазын қайта ашу үшін маусым айында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумда көрсетілген «қажетті шарттар» орындалуы керек.

— Енді шешім АҚШ-тың қолында, — деді Арагчи. Оның айтуынша, бұл жоспар АҚШ-қа Қатар арқылы жеткізілген.

АҚШ тарапы ұсынысқа әлі ресми жауап берген жоқ. Алайда The Wall Street Journal америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап, Дональд Трамп келісімді қабылдамағанын жазды.

Бұған дейін Ормуз бұғазында жүк кемесіне соққы жасалған болатын.

Сонымен қатар Трамп Канада мен АҚШ шекарасындағы Онтарио көлін «Америка көлі» деп өзгерткенін хабарлаған болатынбыз.