Трамп пен Масктің әлеуметтік желісі: саяси ойындағы жаңа өзгеріс
АҚШ Президенті болып сайланған Дональд Трамптың Truth Social және әлемдегі ең бай адам саналатын Илон Масктың «X» әлеуметтік платформалары (бұрынғы Twitter – ред.) әрбір оқиғаға баламалы көзқарас қалыптастырып, жаңа ақпараттық кеңістік ұсынуда. Осы тұста Kazinform тілшісі бұл платформалардың ерекшеліктерін, олардың жаңа медиа ортаның қалыптасуындағы рөлі мен иелері тап болуы мүмкін сын-қатерлерді зерделеп көрді.

Трамп жақтастарының идеологиялық баспанасы
2021 жылы Twitter, Instagram және Facebook желілеріндегі Трамптың жеке парақшасына уақытша тыйым салынды. Міне, сол кезде Трамп жауап ретінде Truth Social әлеуметтік желісін шығарды. Содан бері көп нәрсе өзгерді: 2022 жылдың қазан айында Илон Маск Twitter микроблог сервисін сатып алып, оның атын «X» деп өзгертті. Ал Facebook Meta деп қайта брендтелді. Нәтижесінде, 2022 және 2023 жылдары Трамптың Twitter, Instagram және Facebook аккаунттары қалпына келтірілді, бірақ баламалы платформалар идеясы тамыр жая бастады.
Осы жолы сайлау алдындағы науқанда Truth Social-дің атағы дүркіреді. Бұл әлеуметтік желі АҚШ-тың 47-ші сайланған президентін сынайтын дәстүрлі америкалық медиаға балама іздеген Трамп жақтаушыларының платформасына айналып үлгерді. Платформаның танымалдығының өсуі оның нарықтық құнына айтарлықтай әсер етті. Қазан айында Truth Social компаниясына иелік ететін Trump Media & Technology Group 10 млрд доллардан астам сомаға бағаланды, ал компанияның акциялары қыркүйектің аяғынан бастап төрт есе қымбаттаған.
Truth Social пайдаланушыларға тақырыптарды еркін талқылау мүмкіндігін ұсынады. Алайда оның техникалық мүмкіндіктері шектеулі, көп дүние қамтылмаған, яғни, Meta немесе TikTok сияқты технологиялық алыптармен күресуге әлеуеті жете қоймайды.

Truth Social пайдаланушылар санын жариялаудан бас тартса да, 2024 жылы ақпанда әлеуметтік желіде айына шамамен 5 млн белсенді байқалып отырған. Бәсекелес TikTok және Facebook әлеуметтік желілерінде айына шамамен 1 млрд-3 млрд белсенді пайдаланушы бар. Осыдан-ақ деңгейін салыстырып қарауға болады.
Өзінің Truth Social платформасында 8 млн-нан астам жазылушысы бар Трамп TikTok, Instagram және «X» желілеріне қарағанда адамдармен әлдеқайда аз сөйлеседі. Өйткені кейінгі айтылған үш алпауыт желіде оның аудиториясы 14,4 млн, 29 млн және 94 млн жазылушыны құрап отыр. «Х» желісіндегі аудиториясы өзінің төл платформасындағы жазылушыларға қарағанда 12 еседей көп.
Twitter трансформациясы
Илон Маск Twitter-ді сатып алып, оның атын «X» деп өзгерткен соң, бұғатталған аккаунттарға жаппай рақымшылық жариялады. Дегенмен бұғатталған парақшалардың кейбірі неонацисттерге тиесілі еді, енді бірі қасақана қастандық теорияларын насихаттаған. Бұл қадам аса нәтижелі болмады, Трамптың қолдауы және қарама-қайшы мазмұнға жеңілдетілген модерация саясаты ірі корпорациялардың «X»-ке бойкот жариялауына әкеліп, платформаны миллиардтаған жарнама кірісінен айырды.

Жағдай соншалықты шиеленісе түскендіктен, тамыз айында «X» азық-түлік алыптары Unilever және Mars, CVS Health жеке меншік медициналық компаниясына және Orsted энергетикалық фирмасына, сондай-ақ Дүниежүзілік жарнама берушілер федерациясына қарсы монополияға талап қойып, оларды жарнама нарығында тосқауыл жасады деп айыптады.
Саяси объективтілік үшін сын-қатер
Аталған екі платформа – Truth Social және «X» – дәстүрлі медианың объективтілігіне күмәнмен қарайтын және өзін-өзі көрсету еркіндігін бағалайтын аудиторияны тарта отырып, баламалы ақпараттық ортаның маңызды бөлігіне айналды. Негізі Трамп пен Маск бұл ресурстарды қоғамдық пікірге ықпал ету үшін пайдаланады. Бұл басқа алаңдарда өздерін шектеулі сезініп, қарама-қайшы пікірлер айтқысы келетіндерді тартады. Бір сөзбен айтқанда, қолданушыларға еркіндік бергендей көрінеді.
Алайда мұндай тәуелсіздік келесі бір қауіп-қатерлерді тудыруы мүмкін. Сыншылар жалған ақпарат пен конспирологиялық теориялардың таралу мүмкіндігі туралы ескертуде. Сондықтан бұл платформаларға деген сенім азайып, кері әсерін тигізуі ғажап емес.
Трамп пен Маскке тиесілі платформалардың келешегі
Truth Social және «X» үшін негізгі сын-қатер – ұзақмерзімді стратегия әзірлеу ісі. Өйткені салада бәсекелестік тым қатты, осыған қарамастан желі қолданушыларын көбейтіп отыру керек. Әрине, аталған екі желі де қаржылық қолдаудан қиналмайды. Дегенмен Truth Social әзірге үлкен абыройға ие жоба болмай отыр, оның табысы көбінесе платформаның саяси бояуына байланысты болуы мүмкін, сондықтан үлкен қауіп-қатерді ескеретін беделді жарнама берушілер аса қызыға қоя ма – ол жағы белгісіз.

«X» үшін жарнама берушілердің сенімін қалпына келтіру және пайдаланушылар базасын кеңейту басым міндет болып саналуда. Маск платформамен эксперимент жасайды, бұл оның позициясын нығайтқанымен, арагідік аудиторияны сескендіріп отыр. Халықаралық ортада, әсіресе контентті реттеудің қатаң ережелері бар елдерде «X» топ-менеджментінің саяси көзқарастары да сұрақ туғызады.
Американың медиа кеңістігінде Truth Social және «X» сияқты алаңдар тек қарым-қатынастың ғана емес, қоғамдық санаға әсер ететін күшті саяси құралдардың рөлін атқарып тұр. Алайда мұндай ықпал сөз бостандығы мен объективтілік арасындағы тепе-теңдікті талап етеді. Онсыз платформалардың орнықты дамуы мен табыс кілті жайлы әңгіме айту қиын.
Қалай алсақ та Трамп пен Масктың байланысы өте жақсы. Америка Құрама Штаттарының жаңа президенті атанған Трамп бизнесмен, Tesla және Space X негізін қалаушы Илон Маскты үкіметтің тиімділігі департаментінің жаңа басшысы етіп тағайындады. Бұл туралы саясаткер өзінің Truth әлеуметтік желісінде хабарлаған.
– Мен ұлы Илон Масктың американдық патриот Вивек Рамасвамимен бірге үкімет тиімділігі департаментін (DOGE) басқаратынын қуана хабарлаймын. Осы екі америкалық менің әкімшілігімде мемлекеттік бюрократияны жоюға, шығындарды қысқартуға және федералды агенттіктерді қайта құруға жол ашады, – делінген хабарламада.
Оның айтуынша, жаңа департамент үкіметтен тыс ұсыныстар жасайды, Ақ үймен және бюджеттік кеңсемен «кең ауқымды құрылымдық реформаларды» жүзеге асыру, үкіметке «бұрын-соңды болмаған» кәсіпкерлік көзқарасты қалыптастыру үшін жұмыс істейді.