Трамп Пентагон басшысын қолдайтынын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі баспасөз мәслихатына UFC басшысы Дана Уайтпен бірге шығып, журналистерді таңғалдырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі.
Трамп Дана Уайтты журналистердің сұрақтарына жауап беруге шақырып, баспасөз мәслихатына аздап көңіл күй қосуды көздегенін айтты.
— Көпшілік оны Ақ үйдің жаңа баспасөз хатшысы болады деп ойлайды. Мен оны көптен бері білемін, ол ешкімнің алдында жалтақтамайды, — деді Дональд Трамп.
— Мен мұны көптен бері армандап жүр едім. Алғашқы сұрақты кім қояды? — деп әзілдеді Уайт мінберге көтеріліп.
Сонымен қатар ол саясатқа араласуға ниеті жоқ екенін және Трамптың баспасөз хатшысы қызметіне үміткер емес екенін айтты. Бұл туралы New York Post басылымы жазды.
— Ұсынысыңызға рақмет, мырза. Бірақ саясатпен айналысқым келмейді, — деді Дана Уайт.
Сондай-ақ Трамп Пит Хегсетке импичмент жариялау бастамасы көтерілсе, Қорғаныс министрін қолдайтынын айтты. Бұл туралы NBC News хабарлады.
— Нағыз сарбаздар, өз міндетін абыроймен атқарып жүрген азаматтар мен нағыз патриоттар Пит Хегсетті құрметтейді. Ол өз жұмысын өте жақсы атқарып жүр, — деді Дональд Трамп.
Сондай-ақ Өкілдер палатасы Хегсетке импичмент жариялау туралы шешім қабылдаса, оны қолдайтынын айтты.
Бұған дейін АҚШ Конгресіне Пит Хегсетке импичмент жариялау жөніндегі қарар ұсынылғаны хабарланған болатын.