Трамп президенттік мерзімі аяқталғанша Куба мәселесін шешкісі келетінін айтты

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін Куба мәселесін шешуді қалайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол арал мемлекетіне қарсы әскери күш қолдану мүмкіндігін де қарастыратынын айтты, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Трамп
Фото: Anadolu

Трамп бұл туралы Salem News Channel телеарнасына берген сұхбатында айтты. Одан президенттік мерзімі аяқталғанға дейін Кубаға қарсы әскери операция жүргізуге рұқсат бере ме деп сұраған.

– Мен қызметімнен кетпей тұрып Куба мәселесін шешкім келеді, – деді АҚШ президенті.

Ол Вашингтонның аралдағы жағдайды жіті бақылап отырғанын атап өтті.

– Біз ондағы жағдайды мұқият қадағалап отырмыз. Елдің жағдайы өте нашар. Негізінен, бұл – сәтсіздікке ұшыраған мемлекет, – деді Трамп.

Сондай-ақ ол ата-анасы Кубадан шыққан АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы мақтады. Трамптың айтуынша, Рубио да Куба мәселесін шешуге мүдделі.

– Мен мұны сол елден Америкаға келіп, кезінде қатты қиындық көрген кубалықтардың игілігі үшін жасағым келеді, – деді ол.

АҚШ президенті Кубаға қарсы әскери күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармады.

Айта кетейік, АҚШ-тың қысымымен Куба тағы да жарықсыз қалғанын жаздық.

Сондай-ақ Вашингтон Кубаға қарсы санкцияларын кеңейтті. Бұл президент Мигель Диас-Канел мен Рауль Кастроның отбасы мүшелеріне әсер етті.