Трамп Ресейді Украинадағы әскери қақтығысты тоқтатуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейді Украинадағы әскери қақтығысты тоқтату жөнінде келіссөздер жүргізуге шақырып, дипломатия қажет екенін айтты. Сонымен қатар, қақтығыс жалғаса берсе, экономикалық тұрғыдан зардабы ауыр болатынын ескертті, деп хабарлайды Кazinform.
– Ресейге зиян келтіргім келмейді. Мен орыс халқын жақсы көремін және радикалды солшылдардың айыптауларына қарамастан президент Путинмен әрқашан өте жақсы қарым-қатынаста болдым. Біз Ресей 60 000 000-ға жуық адамның өмірін қиған Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетуге көмектескенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Осының бәрін ескере отырып, экономикасы құлдырап бара жатқан Ресейге және президент Путинге ҮЛКЕН ЖАҚСЫЛЫҚ жасайын деп тұрмын. Қазір-ақ мәмілеге келіңіздер де, мына миға қонымсыз соғысты ТОҚТАТЫҢЫЗ! АРТЫ ЖАҚСЫ БОЛМАЙДЫ, – деп жазды Трамп Truth Social парақшасында.
Ол сондай-ақ:
– Егер біз жақын арада «мәмілеге» келмесек, Ресейдің Америка Құрама Штаттарына және басқа да елдерге сататын барлық заттарына жоғары салықтар, тарифтер мен санкциялар енгізуден басқа менде амал қалмайды. Мен президент болғанда ешқашан басталмайтын соғысты аяқтайық! Біз оңай немесе қиын жолды таңдай аламыз – әрине, оңай жол әрқашан жақсы. «МӘМІЛЕ ЖАСАУ» уақыты келді. ЕНДІ АДАМДАР ӨЛМЕУІ КЕРЕК!!!, – деп жазды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің командасына инаугурациядан кейін бірнеше күн ішінде Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесуді ұйымдастыруды тапсырғаны туралы жазған едік. Әңгімелесудің бір мақсаты — Украинадағы қақтығысты тоқтату үшін алдағы айларда жеке кездесуді талқылау.