Трамп Шон Карренді құпия қызметінің басшысы етіп тағайындады
АСТАНА. KAZINFORM – Дональд Трамп Пенсильвания штатының Батлер қаласында жасалған қастандық кезінде өзін қорғаған агент Шон Карренді Құпия қызмет директоры етіп таңдады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Дональд Трамп Truth Social платформасында Карреннің бірнеше жыл бойы отбасын қорғаған ұлы патриот екенін, сондықтан оған Америка Құрама Штаттарының құпия қызметінің ержүрек ерлері мен әйелдерін басқаруды тапсыратынын хабарлады.
- Ол мені Батлердегі (Пенсильвания штаты) қарақшының оғынан құтқару үшін өз өмірін қатерге тігіп, батылдығын көрсетті. Мен Шонның Құрама Штаттардың Құпия қызметін бұрынғыдан да күшті ететініне сенемін, - деп жазды Дональд Трамп.
Шон Карреннің құқық қорғау органдарында 23 жылдық тәжірибесі бар. Ол Құпия қызметтегі мансабын 2001 жылы Ньюарктегі (Нью-Джерси) жергілікті бөлімшеде арнайы агент ретінде бастады.
Карран агенттікке алғаш рет 2001 жылдың қыркүйегінде қосылды және 2024 жылдың 29 желтоқсанында Президенттің қорғаныс қызметіне жауапты арнайы агенттің орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Жүздеген агенттен тұратын бөлімше қазіргі президент пен оның бірінші отбасын қорғау үшін жауап береді.