Трамп тарифтерге байланысты 500 миллион доллар жоғалтты

АСТАНА. KAZINFORM – Трамптың тарифтері қор биржаларын құлдыратып жіберді, сондай-ақ оның жеке табысына да қатты әсер етті, деп жазады DW.

трамп
Фото: Jeenah Moon / XinHua

АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген импорттық баж салығына байланысты оның жеке байлығы 500 миллион долларға қысқарды, деп есептейді Forbes журналистері. Басылым тариф көтерілген күні, яғни 2 сәуірде Трамптың таза байлығы 4,7 миллиард долларға бағаланғанын, бірақ бір апта өтпей жатып, 8 сәуірде оның құны шамамен 4,2 миллиард долларға дейін төмендегенін жазды.

Ақ үй басшысы Trump Media and Technology Group акцияларының құнының төмендеуіне байланысты шамамен 170 миллион доллар жоғалтты. Қалған шығындар коммерциялық жылжымайтын мүлік (90 миллион), гольф бизнесі (шамамен 70 миллион), қонақ үй мен курорттық бизнес (65 миллион), криптовалюта және Трамптың бизнесі немесе инвестициясы болған басқа да салалар құнының төмендеуіне байланысты.

Илон Маск бір аптада ондаған миллиард доллар жоғалтты

Дональд Трамптың одақтасы, миллиардер Илон Маск те республикашылдардың экономикалық саясатынан зардап шекті: Space X басшысының байлығы 2 сәуірден бастап 35 миллиард долларға қысқарды, ал 8 сәуірде ол 298 миллиард долларға бағаланды (Bloomberg 9 сәуірдегі жағдай бойынша ол қазірдің өзінде 290 миллиард доллар болғанын мәлімдеді).

Сонымен бірге, The Washington Post басылымының жазуынша, Маск Трамптан тарифтерді енгізбеуді сұраған, бірақ оның әрекеті сәтсіз аяқталды.

Айта кетейік, Bloomberg мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа кедендік баж салығын енгізетінін жариялағаннан кейін бір күнде ғаламшардағы ең бай 500 адамның жалпы байлығы 208 млрд долларға қысқарды.

Соңғы жаңалықтар