Трамп Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қытайға сапарын кейінге қалдырды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Бейжіңге сапарын және Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен сәуір айының басына жоспарланған кездесуін бір айға шегеруді сұрағанын мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС.
Америкалық көшбасшының айтуынша, бұл шешім Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты шығарылған.
— Біз Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Менің ойымша, қақтығысқа байланысты осында болуым керек. Сондықтан кездесуді бір айға шегеруді өтіндік, — деді Трамп.
БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген Трамп әскери операцияның осы аптада аяқталуы екіталай деп атап өтті.
Еске сала кетейік, қаңтар айында Дональд Трамп Қытайға биылғы жылдың сәуір айында баратынын айтып, бұрын жарияланған жоспарын растаған болатын.
АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бессент бұған дейін Дональд Трамп пен Си Цзиньпин 2026 жылы төрт рет кездесуі мүмкін деп болжаған. Ол екі мемлекеттік сапардан бөлек, Флорида штатындағы Дорал қаласында өтетін G20 саммитінде, сондай-ақ Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы форумы аясында келіссөздер жүргізілуі мүмкін екенін атап өтті.