Трамп Тоқаевты G20 саммитіне қатысу үшін Майамиде күтеді — АҚШ конгрессмені
АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық делегацияны бастап келген конгрессмен Джейсон Смит арнайы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Бүгін түнгі екіде маған Президент Дональд Трамп қоңырау шалды. Мен оған бірнеше сағаттан соң Сізбен кездесетінімді айттым. Ол Сізге ізгі тілегін жолдап, араларыңызда қалыптасқан сенімді әрі конструктивті қарым-қатынасқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Президент Сізді G20 саммитіне қатысу үшін Майамиде күтетінін айтты. Біздің сапарымыздың бір мақсаты — Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу. Біз екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолында мазмұнды диалог өрбітуге бейілміз. Президентіміз бұған айрықша маңыз артып отыр, — деді Джейсон Смит.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Майамиге жоспарланған алдағы сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.
Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Өкілдер палатасының Бюджет және салық жөніндегі комитетінің төрағасы Джейсон Смитпен, сондай-ақ Конгресс мүшелері Грег Мерфимен, Кэрол Миллермен, Ронни Джексонмен, Уэсли Беллмен және Эдвард Кейспен кездесті.