Трамп Украина мен Ресей туралы тағы мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ президенті Дональд Трамп NBC News арнасына сұхбат берді. Ол үшінші мерзімге сайлауға түсуді жоспарламайтынын айтты және Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келісім мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Euronews.

Украинаға бейбітшілік жақын ба? Ақ үй басшысы NBC News тілшісімен сөйлескен кезде Украина мен Ресей арасындағы бейбітшілік қол жетімсіз болуы мүмкін деп мәлімдеді. Дегенмен ол келісімге келетін уақыт «жақын» болуы мүмкін деп те ойлайды.
Америкалық көшбасшы Вашингтонның келіссөзден шығуы мүмкін екенін тағы да жоққа шығармады. Бірақ келісімге қол қоюға әлі де «өте жақсы мүмкіндік» бар екенін атап өтті.
Бұрын хабарланғандай, Владимир Зеленский Владимир Путиннің 7-9 мамыр аралығында үш күнге бітім жариялау туралы ұсынысын қабылдамады.
Сонымен қатар АҚШ пен Украина пайдалы қазбалар туралы келісімге қол қойды.
Ресей АҚШ-тың Украина бойынша келіссөздерден шығу мүмкіндігіне пікір білдірді.
Трамп сонымен бірге 2028 жылы үшінші президенттік мерзімге сайлауға түсуді жоспарламайтынын айтты. Ол қазір вице-президент Джей Ди Вэнсті республикашылдар атынан кандидат ретінде көретінін мәлімдеді.
- Мен төрт жылды жақсы өткізіп, содан кейін оны басқа біреуге, ең дұрысы республикашылға, ұлы республикашылға тапсыруды асыға күтемін... Төрт жыл шынымен де ауыз толтырып айтарлықтай іс атқару үшін жеткілікті мерзім. Бұл туралы айту әлі ерте (мұрагер туралы), бірақ менде вице-президент бар... Джей Ди керемет жұмыс істеп жатыр, - деді АҚШ президенті.