Трамп Зеленскиймен кездесер алдында Путинмен сөйлесті
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады.
— Мен жаңа ғана Украина президенті Владимир Зеленскиймен сағат 13:00-де өтетін кездесу қарсаңында Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы тілдестім. Арамызда жақсы әрі өте нәтижелі әңгіме өрбіді. Кездесу Мар-а-Лаго резиденциясының басты асханасында өтеді. Баспасөз өкілдерінің қатысуына рұқсат етіледі. Осы мәселеге назар аударғандарыңыз үшін рахмет, — деп жазды АҚШ президенті.

Бұған дейін Дональд Трамп жақын арада Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын.
Еске салайық, алдағы сағаттарда Владимир Зеленский мен Дональд Трамптың кездесуі өтеді. АҚШ президенті Украинаның көшбасшысын Флорида штатындағы курортты Палм-Бич қаласында орналасқан Мар-а-Лаго резиденциясында қабылдамақ.