Трамптар отбасы туралы мақала ABC News телеарнасына қатысты дау туғызды

АСТАНА. KAZINFORM — Эрик Трамп отбасының қорғаныс саласындағы мердігер Anduril Industries компаниясымен іскерлік байланыстары туралы ABC News телеарнасында қате жарияланған мақалаға байланысты федералдық тергеу жүргізуді қолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі  FOX News-ке сілтеме жасап хабарлады.

Статья о семье Трампа спровоцировала скандал вокруг американского телеканала ABC News
Фото: trump.com

— Сіздер сұмдық материал жариялап, оның таралуына және вирус сияқты кең жайылуына жол беріп, содан кейін 24 сағаттан соң түн жамылып, ешқандай түсініктеме берместен немесе кешірім сұрамай-ақ өшіре алмайсыздар. Оны кім мақұлдады? Автор жұмыстан шығарылды ма? ABC бізге жауап беруі керек, — деп жазды Эрик Трамп Х әлеуметтік желісінде.

Огайо штатынан сайланған республикашыл сенатор Берни Морено да Disney компаниясына тиесілі ABC News телеарнасының сайтында жарияланған «Трамптың ұлдарының инвестициялары ол сайланғаннан бері Пентагонның миллиардтаған долларлық келісімшарттарынан пайда әкелді» деген тақырыптағы қате материалға қатысты АҚШ-тың Федералдық байланыс комиссиясын (FCC) тергеу жүргізуге шақырды.

— ABC телеарнасының Anduril мен Трамптар отбасына қатысты саяси тапсырыспен материал жариялауына байланысты тергеу жүргізуге шақырамын. ABC бұл оқиғаны түсініктеме берместен өшіріп, жасырып қалуға тырысқаннан кейін бізге жауап қажет, — деп жазды Берни Морено Х әлеуметтік желісінде.

Алғашқыда мақала ешқандай түсініктемесіз өшірілді. Кейін оған түзетулер енгізіліп, қайта жарияланды.

Сәрсенбіде шыққан бастапқы мақалада АҚШ президентінің ұлдары Эрик Трамп пен Дональд Трамп кішімен байланысты компаниялар, соның ішінде 1789 Capital венчурлік компаниясы арқылы, мемлекеттік келісімшарттардан миллиардтаған доллар алғаны айтылған.

Мореноның сөзінше, ABC телеарнасы компанияның инвестициялық қызметін бұрмалап көрсетіп, Трамптар отбасын федералдық келісімшарттар жасасу туралы шешімдермен негізсіз байланыстырған.

Даудың туындауына ABC News телеарнасының бастапқы мақаласындағы мәлімет себеп болды. Онда Трамп кіші серіктес саналатын 1789 Capital компаниясы Anduril компаниясының бақылау пакетін 2,5 млрд долларға сатып алғаны айтылған. Алайда шын мәнінде, өткен жылы Anduril Industries компаниясы жалпы сомасы 2,5 млрд доллар болатын қаржыландыру раундын өткізген. Сол раунд аясында 1789 Capital шамамен 50 млн доллар инвестиция салған.

Жұма күні ABC News түзетілген мақаланы жариялап, инвестициялар, мемлекеттік келісімшарттар және оқиғалардың хронологиясына қатысты қателіктер болғанын мойындады. Жаңартылған нұсқада Трамп кіші компанияның инвестициялық шешімдер қабылдау жөніндегі комитетінің құрамына кірмейтіні де нақтыланды.

Жаңа тақырып «Демократтардың ықтимал мүдделер қақтығысына қатысты алаңдаушылығы аясында жаңа кеме жасау зауытының құрылысы жарияланды» деп өзгертілді. Ал бастапқы материал авторының аты-жөні «ABC News» деген белгімен ауыстырылды.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық ABC пен NBC телекомпанияларының лицензияларын қайтарып алу керектігін айтты.