Трампты ұлықтау рәсіменен кейін Байден мен Харрис немен айналысады
АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трампты ұлықтау рәсімінен кейін АҚШ президенті Джо Байден мен вице-президент Камала Харристің болашағы қалай қалыптасады. Осы орайда бұл лауазым иелерінің алдағы қызметіне қатысты Kazinform-ның меншікті тілшісі жауап іздеп көрді.

20 қаңтардан кейін 82 жастағы Джо Байденнің бос уақыты көбірек болады және ол саясатқа оралуға тырыспауы мүмкін.
Ол өзінің қазіргі қызметінен соң алдағы жоспары туралы көпшілік алдында аз айтты. Дегенмен, сарапшылар бұл тұрғыда біраз пікірді алға тартып отыр. Байден қаражат жинау және өзінің президенттік кітапханасының жоспарлары бойынша жұмысты бастауға басымдық беруі ықтимал.
Бұл нысан оның туған жері Делавэр штатында болуы мүмкін. Ол осы өңірден 36 жыл сенатор болған және президент қызметін атқарған кезде демалыс күндерінің біраз уақытын осында өткізген. Мысал ретінде Барак Обаманың президенттік орталығын айтуға болады, оның Чикагодағы кітапхана мен мұражайының құрылысы 2026 жылы аяқталуы тиіс.
Сонымен қатар, Джо Байден үшінші кітап жазуы мүмкін. Ол осыған дейін екі естелік жазған, яғни 2007 жылы жарияланған «Promises to Keep» (Уәдені орындау) және 2017 жылы шыққан «Promise Me, Dad» атты туындылары бар.
Джо Байден президенттіктен кеткеннен кейін атқаратын жұмысына қатысты қызық бір идеяны айтқан еді. Былтыр тамызда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын тоқтатқаннан кейін шамамен бір ай өткен соң, Байден интернет-контент жасаушыларға арналған іс-шарада сөз сөйлеген болатын.
Сол кезде ол: «Мен сіздерді Ақ үйге неге шақырдым? Өйткені мені жұмыс іздеп жүрген адамдардың бірі деп санаңыздар», - деп әзілдеген.
Бірнеше аптадан кейін Джессика Альба Ақ үйде латынамерикалық мұраның айлығын атап өтуге көмектескен кезде, Байден өзіне жұмыс табу үшін жақын арада өнер жұлдызының іскерлік байланыстары қажет болуы мүмкін деп қалжыңдады. «Джессика, егер мен шынымен жақсы нәтиже көрсетсем, мүмкін жұмыс тауып берерсің?, - деп айтқан еді.
Желтоқсан айында Кеннеди орталығының құрметті меймандарына арналған іс-шарада ол осы тектес әзіл айтқан еді. «Егер мен қиналсам, саған келемін, досым», - деді Байден танымал актер Роберт Де Нироға қарата айтқан сөзінде.

Қазіргі кезметінен кететін Камала Харристің келесі қадамы үшін біраз нұсқалар айтылып отыр. Біріншісі - кітап жазу болуы мүмкін.
Камала Харрис сайлауда Дональд Трампқа жеңілгеннен бері президент сайлауында жеңіске жету үшін 107 күндік спринт туралы көпшілік алдында аз сөйледі.
Коммуникациялар жөніндегі директор Эшли Этьен вице-президент үлгі аларлық тәжірибесі бар тарихи тұлға екенін, ол Covid-пен күресте, АҚШ-та экономиканы қалпына келтіруде және әйелдер құқығын қорғауда көшбасшы болғанын атап өтті. Оны 70 млн-нан астам азамат қолдап отыр.
Бұдан бөлек, Камала Харрис 2026 жылы Калифорния губернаторы, 2028 жылы президентті сайлау кезінде кандидат ретінде қатысуы мүмкін екені де айтылды.
Вице-президент өзінің саяси мүмкіндіктерінен бас тартпайтынын айтып, «мен күресті жалғастырамын» деп бірнеше мәрте жариялаған. Жақын арада Камала Харрис пен оның кеңесшілері Дональд Трампқа қалай және қашан қарсы шығатынын айқындау бағытында, сондай-ақ Демократиялық партиядағы өзінің маңызды рөлін қалпына келтіру жолында жұмыс істеуі ықтимал.
2028 жылдағы үміткерлерге қатысты болған жедел сауалнамада Камала Харристің рейтингі 41 пайызды көрсетті. Бұл өз кезегінде оның Гэвин Ньюсом, Джош Шапиро, Тим Уолз, Пит Буттиджеч, Александрия Окасио-Кортес, Гретхен Уитмер, Энди Бешир сияқты демократтардан алда тұрғанын байқатты.
Ол осы екі лауазымды алуға бірден қатыса алмайды. Сондықтан соның бірін таңдау бойынша біраз ойланады.
- Ол асығыс шешім қабылдайтын адам емес. Кейде оған әрекет ету үшін өте ұзақ уақыт қажет. Сондықтан мен оның келесі қадамының қалай жасалатынын білмейтініне кепілдік бере аламын, - деді Камала Харристің бұрынғы көмекшісі Брайан Брокау.
Сонымен қатар ол К. Харристің алдағы таңдауына қатысты пікір айтты.
— Ол губернаторлыққа дауысқа түсе ала ма? Иә, қатыса алады. Дегенмен, ол губернаторлыққа үміткер ретінде қатысқысы келмейді деп ойламын. Бұл лауазымға қатысты тартыста ол жеңе ала ма? Әрине, жеңу мүмкіндігі зор. Бұл жұмыс оған ұнай ма? Бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Ол қайтадан президент лауазымына үміткер бола ала ма? Әбден мүмкін, деді Брайан Брокау.
Бұдан бұрын хабарланғандай, АҚШ президенті ретіндегі қоштасу сөзінде Джо Байден америкалықтарға байлық пен билікті олигархтар тобының қолында шоғырландыру қаупі туралы ескертті.
Еске салсақ, былтыр қараша айының басында Камала Харрис Дональд Трампқа қоңырау шалып, президенттік сайлаудағы жеңісіне құттықтау айтты.