Трамптың «Алтын күмбезі» төрт деңгейлі қорғанысқа ие болады
АСТАНА.KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі «Алтын күмбез» деп аталатын зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің жобасын таныстырды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.
Америкалық үкімет ұсынған таныстырылымға сәйкес, «Алтын күмбез» жүйесі төрт деңгейлі қорғаныстан тұрады: оның бірі — ғарыштық, зымырандарды ерте анықтау және қадағалау үшін қолданылады, ал қалған үшеуі жерүсті жүйелер болып табылады. Олар — зымыран қағып түсіру жүйелері, радарлар, және мүмкін болатын лазерлік қарулардан тұрады.
АҚШ президенті ойлап тапқан бұл жүйе Израильдің «Темір күмбезіне» (Iron Dome) ұқсас жоба ретінде қарастырылуда. Оның алдын ала құны – 175 миллиард доллар деп бағаланған. Трамптың салық және шығындар туралы заң жобасы шеңберінде Конгресс шілде айында 25 миллиард доллар бөлуге келісім берді.
Құрлықтағы штаттарда, Аляскада және Гавай аралдарында қысқа қашықтыққа арналған 11 зымырандық батареяны орналастыру жоспарланып отыр.
Жүйені 2028 жылы іске қосу жоспарланған.
Дональд Трамптың айтуынша, «Алтын күмбез» зымырандарды әлемнің кез келген нүктесінен немесе ғарыштан ұшырылса да қағып түсіруге қабілетті болады.
Бұған дейін хабарланғандай, АҚШ президенті өзінің президенттік мерзімі аяқталғанға дейін «Алтын күмбезді» іске қосуды көздеп отыр.