Трамп Қытайға қашан барады
АСТАНА. KAZINFORM – 25 тамыз күні АҚШ президенті Дональд Трамп жақын арада немесе жыл аяғына дейін Қытайға сапарлай баруы мүмкін екенін айтқан еді. Осыған байланысты Қытай Сыртқы істер министрлігі бүгін мемлекет басшылары деңгейіндегі дипломатиялық байланыстардың Қытай-АҚШ қарым-қатынасында стратегиялық рөл атқаратынын мәлімдеді.
Lianhe Zaobao басылымының жазуынша, 26 тамызда өтке баспасөз мәслихатында, журналистердің бірі Трамптың жақын арада немесе жыл соңына дейін Қытайға барғым келеді дегенін еске салып, СІМ-нің ресми өкілі Го Цзякуньнен «Бұған Қытай дайын ба?» деп сұрады.
Го Цзякунь Қытайдың АҚШ-пен қарым-қатынасын әрқашан өзара құрмет, бейбіт қатар өмір сүру және өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттары негізінде реттеп және ілгерілетіп келе жатқанын, сонымен қатар өзінің егемендік, қауіпсіздік және даму мүдделерін табанды түрде қорғайтынын атап өтті.
Оның айтуынша, Қытай АҚШ-тан ілгері қадам жасап, екіжақты қарым-қатынастың орнықты, қалыпты және тұрақты дамуын алға жылжытуды үміт етеді.
- Мемлекет басшылары деңгейіндегі дипломатиялық байланыстар Қытай-АҚШ қарым-қатынасында алмастырылмайтын стратегиялық жетекшілік рөл атқарады, Қытай мен АҚШ басшылары тығыз байланыс пен тұрақты әрекеттестікті жалғастырып келе жатыр, - деді ресми өкіл.
RFI агенттігінің хабарлауынша, Трамп Вашингтонда Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мёнмен кездескенде, БАҚ өкілдерінің алдында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен жақында өткен әңгімесін еске алып: «Белгілі бір уақытта, мүмкін биыл немесе жақын арада, біз Қытайға сапарлай баратын шығармыз», – деген.
Трамптың айтуынша ол Қытаймен жақсы қарым-қатынас орнатуға дайын.
- Олардың қолында біраз көзір бар, бізде де өте күшті көзірлер бар. Бірақ мен оларды пайдаланғым келмейді. Егер пайдаланатын болсам, Қытайды күйретуге жетеді, - деді АҚШ Президенті.
Жылдың басында Қытай мен АҚШ елдерінің арасы күрт ушыққанмен, сәуір айында тараптар өзара қосымша тарифтер енгізгеннен кейін жағдайдың сабасына түсе бастағаны байқалады.
Бұған дейін Қытай мен Орталық Азия елдерінің арасындағы сауданың орташа жылдық өсімі 10% жеткенін жазған болатынбыз.