Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц лауазымынан босатылды
АСТАНА. KAZINFORM - Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц пен оның орынбасары Алекс Вонг Трамп әкімшілігіндегі лауазымдарынан босатылды, деп хабарлайды Кazinform меншікті тілшісі Fox News-ке сілтеме жасап.

Президент Дональд Трамп бұл туралы көпшілік алдында сөз сөйлейді және басқа да лауазым иелері қызметімен қош айтысуы мүмкін.
Уолтц наурыз айында Signal желісінде чат құрып, оған қателесіп «The Atlantic» журналының бас редакторы Джеффри Голдбергті кіргізіп жіберген соң сынға ұшырады. Чатта Йемендегі хусит көтерілісшілеріне соққы беру мәселесі талқыланған болатын.
Уолтц журналисті чатқа енгізгені үшін жауапкершілікті өз мойнына алды.
Уолтцтің отставкасын растаған соң Өкілдер палатасындағы азшылықтар лидері Хаким Джеффрис Fox News-ке «Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші кетті. Ол бірінші. Ол соңғысы болмауы да мүмкін»,-деп жазды.
Вонг кеңесші Уолтцтің бас орынбасары еді, Signal чатындағы ақпараттың сыртқа шығып кету оқиғасы бойынша оған команда құру жұмысы тапсырылған болатын.
Трамп әкімшілігі наурыз айында Signal чатында ешқандай құпия материалдардың таратылмағанын айтқан еді. Ал Трамп Уолтцті осы мәселе бойынша бірнеше мәрте қорғап қалды.
Президент Дональд Трамп Тruth Social желісінде АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы кезекті елшісі ретінде Майк Уолтцтің кандидатурасын ұсынған болатын.
- Ол Конгресте және менің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшім болғалы еліміздің мүддесі бірінші орынға шығуы жолында табанды еңбек етті. Ол өзінің жаңа қызметінде осы істі атқаратынына сенімдімін, -деп жазды Трамп.
Ал Мемлекеттік хатшы Марко Рубио Мемлекеттік департаменттегі өз қызметімен бірге ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшінің рөлін де атқарады.
- Біз Америка мен әлемді қауіпсіз ету жолында шаршамай еңбек етеміз. Осы мәселеге деген назарларыңыз үшін көп рахмет!, - деді АҚШ президенті.
Осыған дейін Трамп Signal чатындағы жанжал аясында Пентагонға қолдау білдіргені туралы жаздық.
Сондай-ақ Трамп Signal дауына байланысты шенеуніктерді жұмыстан шығармайтынын айтқан болатын.