Трамптың жарлығынан кейін Google Онтарио көлінің атауын өзгертті

АСТАНА. KAZINFORM – Google Maps сервисі АҚШ Президенті Дональд Трамптың 27 тамыздағы жарлығына сәйкес Онтарио көлінің атауын америкалық пайдаланушылар үшін «Америка көлі» деп өзгертті, деп хабарлайды Deutsche Welle.

ч
Фото: DW

Онтарио – АҚШ пен Канада шекарасында орналасқан бес Ұлы көлдің ең кішісі.

Google компаниясы картографиялық сервистегі географиялық атауларды ресми мемлекеттік дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес жаңартып отыратынын мәлімдеді. АҚШ үшін мұндай дереккөз – Географиялық атаулардың ақпараттық жүйесі (GNIS).

– АҚШ-тағы Google Maps пайдаланушылары «Америка көлі» деген атауды көреді. Канадада бұрынғыдай «Онтарио көлі» деп көрсетіледі, ал басқа елдердегі пайдаланушыларға екі атау да ұсынылады, – деп мәлімдеді Google.

Бұған дейін Google Maps АҚШ аумағындағы пайдаланушылар үшін Мексика шығанағын да Америка шығанағы деп өзгерткен еді. АҚШ-тан тыс жерлерде жаңа атау дәстүрлі атаудан кейін жақша ішінде көрсетіледі.

Онтарио көлінің атауын өзгерту АҚШ пен Канада жаңа сауда келісімі бойынша ортақ мәмілеге келе алмағаннан бірнеше күн өткен соң жүзеге асты.

29 тамызда Канаданың Онтарио провинциясының премьері Даг Форд көлдің Канада жағалауына ағылшын және француз тілдерінде «Онтарио көлі: қазір де, әрқашан да» деген жазуы бар билборд орнатты.

– Президент Трамп оны қалағанынша атай алады. Бірақ әлемнің қалған бөлігі бұл көлді әрқашан Онтарио көлі деп атайтынына сенімдімін, – деді Даг Форд.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп Google-ға салынған айыппұлға байланысты Еуроодаққа қоқан-лоқы жасағаны хабарланды.