Трансаэро мен Air France шығыс Украина үстімен ұшуларды тоқтатты
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Трансаэро» және «Air France» авиакомпаниялары малайзиялық Boeing 777 ұшағы апатқа ұшырауына байланысты шығыс Украина үстімен ұшуларды тоқтатты, деп хабарлады компаниялардың баспасөз қызметтері.
«Трансаэро» авиакомпаниясы қазірден бастап өзінің барлық ұшуларын Украинаның әуе кеңістігін айналып өтіп, үшінші елдерде орындауға шешім қабылдады», деп хабарлады Трансаэро. Сонымен бірге компания Мәскеуден Киевке, Днепропетровскіге және Одессаға рейстер орындайтын «Трансаэро» ұшақтары бірнеше айдан бері Донецк және Луганск облыстарының аумағы үстімен ұшпайтынын нақтылады.
Air France 2014 жылғы 3 сәуірден бері оның ұшақтары Қырымға ұшпайтынын атап өтті. Авиаапатқа байланысты бұл компания да шығыс Украинаның әуе кеңістігін айналып өтуге шешім қабылдады.