Трансферттік баға белгілеуді өзгерту бюджетке қосымша түсім алуға мүмкіндік береді – Әділ Жұбанов

Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов трансферттік баға белгілеу мәселесі бойынша заңнамаға ұсынылып отырған өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform. 

Трансферттік баға белгілеуді өзгерту бюджетке қосымша түсім алуға мүмкіндік береді – Әділ Жұбанов
Фото: atr.kz

«Заң жобасында ұсынылып отырған норма бюджетке қосымша, мұның үстіне қомақты соманың түсуіне алып келеді. Заңнаманың қолданыстағы нормалары тиімсіз әрі халықаралық стандарттарға сай келмейді. Соңғы 5 жылда тексерулер мен мониторингтің қорытындысында бюджетке 160 млрд теңге өндіріп алынды. Осы заң жобасына бақылау тұрғысында нақты күшейтудің енгізілгенін ескерер болсақ, меніңше түсім еселеп артатын болады», - деді Әбід Жұбанов агенттік тілшісінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, нақты тетіктердің бірі нарықтық диапазон енгізу, сондай-ақ тараптардың өзара байланыстылығын кеңейту болмақ. Бұл да мәміленің нарықтық бағадан ауытқығаны анықталған жағдайда кірісті ұлғайтуға қарай түзетуге мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта трансферттік бақылауға барлық халықаралық мәміле – экспорт, импорт жатады. Дегенмен осы заң қабылданғаннан кейін жергілікті есеп-қисапты ұсынуды өзгерту құралы бойынша салық төлеушілерді мониторингілеуді кеңейту жоспарланып отыр. Егер бұрындары жергілікті есеп-қисапты жиынтық жылдық кірісі 5 млн АЕК-тен, яғни 17 млрд теңгеден жоғары 231 ірі салық төлеуші ұсынса, ендігі уақытта осы заң жобасы аясында жергілікті есеп-қисап тапсыратын спалық төлеушілердің саны кемінде 3 есеге ұлғаятындығы күтіледі», - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.