Трансфузиология ғылыми-өндіріс орталығы ТМД кеңістігінде ірі қан орталықтарының бестігіне еніп отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Трансфузиология ғылыми-өндіріс орталығы ТМД кеңістігінде ірі қан орталықтарының бестігіне еніп отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Трансфузиология ғылыми-өндіріс орталығының директоры Жандос Бүркітбаев мәлім етті.

Трансфузиология ғылыми-өндіріс орталығы ТМД кеңістігінде ірі қан орталықтарының бестігіне еніп отыр

«Қан компонентімен қамтамасыз ету үшін 1000 мың адамға шаққанда 40-50 донация (адамның қан тапсыру үдерісі) қажет. Бүгінде бұл қажеттілік тек Астанада ғана толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда елордада 1000 адамға шаққанда 58-ді құрап отыр», - деді орталық басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, Астанадағы қан орталығы бойынша жылына шамамен 50 мың донация жүргізіледі. Бұл бірінші кезекте жоғары мамандандырылған медициналық көмектің елордада жүзеге асырылуына байланысты, яғни барлық еліміздің денсаулық сақтау саласындағы барлық алдыңғы қатарлы клиникалар Астанада шоғырланған.

«Осыған орай елордада донорлықтың деңгейі артып отыр. Бүгінде оның деңгейі қаладағы барлық республикалық және қалалық медициналық мекемелерді қанның қажетті көлемімен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі кезде Трансфузиология ғылыми-өндіріс орталығы қан тапсырушылар көлемі бойынша ТМД кеңістігінде ірі қан орталықтардың бестігіне еніп отыр», - деді Ж. Бүркітбаев.