Трансплантациядан ағза саудасына дейін: Өлімнен кейін донорлыққа өтемақы төленуі мүмкін бе
АСТАНА. KAZINFORM – Жаһандық трансплантация және донорлық жөніндегі обсерваторияның мәліметі бойынша (GODT), жыл сайын ағза трансплантациясына кезекте тұрған адамдардың 10 пайызы ғана іздегенін табатын көрінеді. Адам ағзасының қара базары ырық бермей тұрғандықтан бұл мәселе көптеген елде табу тақырып болып есептеледі. Оның ішінде Қазақстан да бар.
Әлемдегі ахуал
Ағза донорларының тапшылығын әсіресе бүйрегінде ақау бар науқастар қатты сезініп отыр. Тапшылық әлеуметтік тұрғыда осал қорғалған адамдардың ағзасын сатумен шұғылданатын қылмыстық схемалардың тамыр жаюына әкелді. Қызыл крест ұйымының өкілдері трансплантацияға арналған органдардың шамамен 10%-ы заңсыз көздерден келеді деп есептейді. Бұл ресми тіркелген статистика. Ал тасада жасалатын оталарды толық тыю мүмкін болмай тұрғанын ескерсек, нақты сан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.
Пәкістан, Мысыр, Бангладеш, Үндістан, Түркия, Филиппин және Қытай сияқты елдер ағза саудасының орталығы деп есептеледі. 2018 жылғы Адам саудасы туралы жаһандық есепте БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы 700-ден астам орган саудасын анықтағаны айтылған. Олардың көбі Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада тіркелген. Интерполдың 2021 жылғы есебінде ағза саудасы Африканың солтүстігі мен батысында «кедей қауым мен босқындар ағза саудасына көп тартылатын айтылған.
Қазақстандағы ахуал
Қазақстанда да ағза саудасына тыйым салынған. «Халық денсаулығы туралы» кодекстің 209-бабында осындай норма бар. Адам ағзасы мен тіндерін мәжбүрлеп алып қоюға немесе заңсыз алып қоюға Қылмыстық кодекстің 116-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Нақты айтсақ, мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. 2024 жылдың 9 айында «адам ағзасы мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою» дейтін 116-бап бойынша 25 қылмыстық іс тіркелген. 2020 жылы бұл статистика әлдеқайда жоғары еді – 57 қылмыстық іс тіркелген.
Мысалы, 2023 жылдың қазан айында Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелер 22 адамды ұстады. Олардың ішінде заңсыз ағза саудасын ұйымдастырушылар, медицина қызметкерлері, нотариустер, реципиенттер мен донорлар болған. Ағза сатудың 8 фактісі әшкереленіп, 6-10 миллион теңгеге бірнеше мәмле жасалғаны белгілі болды. Бұл жерде әлем бойынша бүйректің орташа бағасы 20 мыңнан 200 мың АҚШ долларына дейін құбылатынын айту керек.
Ішкі істер министрлігіндегілер адам саудасының алдын алу үшін интернеттегі хабарландыруларды ұдайы сүзгіден өткізіп отыратындарын айтады. Мұндай мазмұндағы ресурстар Қазақстан аумағында ашылмайтындай етіп бұғатталады.
Елде кезекте тұру арқылы донорлық ағза алу айтарлықтай күрделі. Осыны пайдаланып, пайдакүнем адамдар медициналық ұйымдардың қызметкерлерімен бірлесіп заңсыз әрекеттерге барады.
Мәйіт және ағза доноры
Қазақстанда мәйіттің ағзасын трансплантациялау отасы алғаш рет 2012 жылы жүргізілді. Өлімнен кейінгі донорлық елдегі кезекті сейілтіп отыр деуге келмейді. Әсіресе бүйрек доноры тапшылық жоғары. Қант диабеті, гипертония, семіздік сияқты сырқаттардың бәрі науқасты бүйрек трансплантациясына мұқтаж етіп тынады.
2024 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша елімізде 4 103 науқас күту парағында тұр. Оның ішінде бүйрекке 3 661 ересек адам, 85 бала, бауырға — 180 ересек адам, 10 бала, өкпеге — 20 ересек адам, жүрекке — 136 ересек адам және бес бала, жүрек-өкпе кешеніне — төрт ересек адам және екі бала мұқтаж.
9 айдың қорытындысы бойынша 6 782 қазақстандық көз жұмған соң ағзасын донор ретінде ұсынуға келісетінін ресми растаған. Осындай келісім рәсімдеген 5 марқұм жыл басынан бері 19 адамның өмірін сақтап қалды:
Ақмола облысы – 2
Павлодар облысы – 1
Түркістан облысы – 1
Алматы қаласы – 1
Өтемақы мәселесі
Ағза донорының тапшылығын марқұмның туыстарына өтемақы төлеу арқылы шешуге болады дейтін ұстанымдар бар. Мұндай тетік көз жұмғаннан кейін ағзасын белгілі бір өтемақыға мұқтаж науқасқа салғызуға келісетінін ресми растап кететін адамдардың санын арттыруы мүмкін. Алайда, мұндай бастаманың өте жағымсыз салдары болуы да ықтимал. Денсаулық министрлігіндегілер Kazinform сауалына жолдаған жауабында бұл мәселені жан-жақты пысықтап жатқаны айтылған.
«Донордың артында қалған туыстарына өтемақы төлеу мәселесі қазір талқылау сатысында», - делінген жауапта.