Трансплантолог Абылай Донбай ауруханаға қайта оралғанын мәлімдеді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі танымал трансплантолог Абылай Донбай қызметіне қатысты дау-дамайдан соң ауруханаға қайта оралды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сондай-ақ, дәрігер 3 бүйрек және 1 бауыр трансплантациясын тегін жасап беретіндігін мәлімдеді.
Кресло немесе мамандық деген сұраққа, өзімнің мамандығымды таңдадым. Сол ауруханада қалған 3 бүйрек және 1 бауыр трансплантациясын тегін жасап беремін. Ауруханамен уақытша еңбек шарты түзілді. Осы науқастарға көмектесемін
, - деп жазды Абылай Донбай.
Еске салсақ, бұдан бұрын Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай жұмыстан кеткені, трансплантациялық ота жасамайтындығы жөнінде мәлімдеме жасаған болатын.
Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы 10 шілдеден бастап А. Донбаймен еңбек шарты тоқтатығанын мәлімдеген еді. Сондай-ақ, қаладағы медициналық ұйымдарда ағза алмастыру отасын жасайтын дәрігерлер жеткілікті екендігін және трансплантациялық ота тоқтамайтындығын жеткізді.
Айта кетейік, 5 шілде күні Шымкент жүрек орталығында 61 жастағы тұрғынға жүрек трансплантациясы жасалды. Ота кезінде кардиохирургтер пациентке 46 жастағы ер адамның жүрегін орнатып берді. Қазір жүрегін ауыстырған шымкенттіктің жағдайы қалыпты.