Трансшекаралық суды пайдалану бағытында жаңа келісімдер пысықталып жатыр - министрлік

Трансшекара
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі трансшекаралық суды пайдалану мәселелерін шешу бағытында қандай келісімдер жасалатынын нақтылады.

«Қазақстан Республикасы трансшекаралық өзендер бойынша көршілес елдермен су саласында ынтымақтастықты нығайтып жатыр. Трансшекаралық өзендерге қатысты көршілес елдермен өзара қарым-қатынас трансшекаралық су нысындарын пайдалану және қорғау бойынша Келісімдермен реттеледі. Оның аясында әр бағыт бойынша бірлескен комиссиялар мен жұмыс топтары қызмет атқарады», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы суға қатысты мәселелер 2001 жылғы Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісіммен реттеледі. Мұнымен қоса, өзендер бассейндеріне қатысты келіссөздер 1992 жылғы 18 ақпандағы «Мемлекетаралық көздердің су ресурстарын пайдалануды және қорғауды бірлесіп басқару саласындағы ынтымақтастық туралы» Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстан арасындағы келісіммен реттеледі.

Қырғыз Республикасымен су шаруашылығы бойынша ынтымақтастық 2000 жылғы Шу және Талас өзендерiндегi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысандары туралы үкіметаралық келiсiм аясында жүзеге асады. Атап айтқанда, Қазақстан мен Ресей арасындағы су мәселесі 2010 жылғы 7 қыркүйектегі «Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы» келісіммен (1992 жылғы 27 тамыздағы Келісімнің орнына) реттеледі.

«Сонымен бірге, қазіргі кезде Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы жеке екіжақты келісімге қол қою мәселесі пысықталып жатыр. Бүгінгі күні Келісім жобасы мәтінінің негізгі бөлігі келісілді. Келісім жобасына 2024 жылдың екінші жартысында қол қою жоспарланған. Бұдан бөлек, 2015 жылдан бастап трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау бойынша Қазақ-Қытай бірлескен комиссиясы аясында екі ел арасындағы трансшекаралық өзендердегі суды бөлу туралы келісім жобасын әзірлеу әрі уағдаласу бойынша арнайы жұмыс тобының (АЖТ) қызметі жүріп жатыр. АЖТ шеңберінде Қазақстан мен ҚХР арасындағы трансшекаралық өзендердің суын бөлу туралы келісім жобасын зерделеу және келісу жұмыстары жалғасады», - деп аталып өткен ҚР Су ресурстары министрлігі ақпаратында.

Соңғы жаңалықтар
telegram