Трансшекаралық суға қатысты келіссөздерді күшейту үшін маңызды аргументтер қалыптастыру қажет
АСТАНА. KAZINORM — Бүгін Үкімет отырысында 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы мақұлданды.
«Жалпы су ресурстарын пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер жүйесін жолға қою керек. Мысалы, Ертіс өзенінің ресурсын аумақтар арасында қайта бөлуді қарастырудың маңызы зор. Келесі кезекте — трансшекаралық суды пайдалану мәселелерін шешу. Көрші мемлекеттермен осындай келісімдерді әзірлеу аясында келіссөздер процестерін күшейту үшін маңызды аргументтер қалыптастыру жағына мән берілуі тиіс», - деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің пайымынша, тұжырымдамада жоспарланған барлық іс-шараны сапалы іске асырып, оған жауапкершілікпен қарау еліміздегі су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
«Сондықтан Су ресурстары министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірге тұжырымдаманы тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», - деді Әлихан Смайылов.
Осыдан кейін Үкімет мүшелері ұсынылған жобаны мақұлдап дауыс берді.