Трансшекаралық туристік маршруттар шетелдіктер арасында жоғары сұранысқа ие
АСТАНА. KAZINFORM – Трансшекаралық туристік маршруттар шетелдіктер арасында жоғары сұранысқа ие. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінен мәлім етті.

«Алтын алаң» жаңа туристік маршруты жобасы 2020 жылы Өзбекстан тарапының бастамасымен Алматыда таныстырылған болатын. Жалпы трансшекаралық маршруттарды дамыту мәселесі түрлі алаңдарда көтеріліп, талқыланып келеді. 2022 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының форумында жоғарыда көрсетілген маршрут бойынша Табаррук-зиëрат өнімін дамыту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары бекітілді», - деп атап өтті министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Ведомство мәліметінше, турөнімдерді дамыту аясында әдетте маршрут алдымен жалпы белгіленіп, дамыту үшін қажетті шаралар қабылданады. Кейіннен нақты сұранысқа сай маршрутқа өзгерістер енгізілуі мүмкін немесе туроператорлар маршруттың түрлі бөліктерін туристерге ұсына алады.
«Трансшекаралық маршруттарды, оның ішінде жоғарыда көрсетілген маршрут бойынша турларды қазіргі таңда бірқатар туроператор ұсынады. Бұл турлар әсіресе шетелдік туристер арасында жоғары сұранысқа ие. Қазақстан және Өзбекстан арасындағы трансшекаралық туристік маршрутты дамыту және ілгерілету үшін ауқымды жұмыс істелініп жатыр. Туроператорлар бұл бағыттағы турларды белсенді түрде ұсынып, туристердің қызығушылығын арттыруда», - деді министрліктен.
Айта кетейік, «Алтын алаң» жаңа туристік пойыз маршруты Астана, Алматы, Түркістан, Отырар, Тараз, Шымкент, Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Хиуа қалалары арасында қатынайды.