Трансшекаралық өзендер саласындағы келіссөз комиссияларына ерекше мәртебе берілмек

«Қазіргі уақытта республикалық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарын басқару және пайдаланудың жеткілікті тетігі жасалған. Ол «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңында анықталған. Сондай-ақ уәкілетті органның қызметіне бақылау жасауды қамтамасыз етеді. Жаңа Экологиялық кодекстің (бұдан әрі – Экокодекс) редакциясына кешенді экологиялық рұқсат (бұдан әрі – рұқсат) ретінде құрал енгізіледі. Рұқсат ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану есебімен беріледі. Ол бәрінен бұрын суды тұтыну деңгейін төмендетуді немесе экологиялық тиімділікті көтеру бағдарламасын беруді ұсынады«, - деді Асқар Мамин.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, су қорының жерлері шегінде, сондай-ақ ауыз сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жер асты суларының учаскелерінде және кен орындары контурларында жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды өткізуге тыйым салу Су кодексінің 120, 125-баптарында және Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексінің 25-бабында қарастырылған.
»Осыған сәйкес Экокодекстің жаңа редакциясында көрсетілген тыйымға кіретін учаскелер үшін экологиялық талаптар көзделген. Су үнемдеу технологияларын енгізу, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен пайдалану үшін, сондай-ақ елдің су қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту және трансшекаралық өзендер саласындағы Қазақстанның келіссөз комиссияларына ерекше мәртебе беру мәселелері де заңнаманы жетілдіру аясында қарастырылады. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламада ескерілетін болады«, - деді Үкімет басшысы.