Трансшекаралық сулар бойынша үкіметаралық келісімдерді жетілдіру керек – Әлихан Смайылов

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Экология министрлігіне трансшекаралық су мәселесіне қатысты тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығына қажет судың жеткілікті болуына тікелей байланысты. Бүгінде қажет су көлемінің жартысынан көбі аграрлық секторға тиесілі. Дегенмен, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету су тапшылығына байланысты жыл өткен сайын қиындап келеді. Бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр. Біріншіден, көрші елдердің аумағынан келетін суға тәуелдіміз. Екінші фактор – біздің өңірде судың аз жиналуы. Үшінші – каналдардағы судың шығыны жоғары, сондай-ақ суды үнемдеу технологиялары жеткіліксіз. Осыған қарамастан, қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы вегетациялық кезең қалыпты жағдайда өтті», - деді Ә. Смайылов.

Осы орайда Үкімет басшысы көрші мемлекеттердің су қоймаларынан қосымша су көлемі жіберілгенін айтты.

«Сондай-ақ, сумен қамтамасыз ету нысандарында тиісті техникалық жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып, келесі вегетациялық кезеңге арналған жоспарларды бекітудің маңызы зор. Біріншіден, қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, трансшекаралық сулар бойынша үкіметаралық келісімдерді жетілдіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу қажет. Экология министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар