Трансұлттық ұйымдасқан топ құрды деп айыпталған СҚО-ның 4 тұрғынын сот ақтап шықты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы жеңіл көліктер контрабандасымен айналысып, трансұлттық ұйымдасқан топ құрды деп айыпталған төртеуді ақтап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Петропавлда 4 ер адам Қазақстанға Ресей арқылы Жапониядан қымбат автокөліктерді қосалқы бөлшек ретінде заңсыз тасымалдады деп айыпталған еді. Бірақ, күдіктілердің кінәсі толық дәлелденбей, олар биыл ақпан айында сот залынан босап шықты.
СҚО сотының мәліметінше, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы қылмыстық істі қайта қарады.
Прокурор айыптауды талап етіп, И., Т., Д., К.-ны сотқа берілген қылмыстар бойынша кінәлі деп тануға және бар мүлкін тәркілеп, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға өтініш білдірді.
Сот алқасы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сонымен қатар, алқа көлік құралдарының басым көпшілігі қосалқы бөлшек түрінде «Мегатрон» ЖШС-не салықтан жалтару мақсатында кедендік құны төмендетіліп әкелінгенін анықтады.
Бұл туралы СҚО бойынша Экономикалық тергеу департаменті жеке қаулымен хабарланды.
ҚР ҚК 385-бабының 2-бөлігі бойынша И. және К.-ны, ҚР ҚК 385-бабының 3-бөлігі бойынша Т.-ны, ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігі бойынша Д.-ны кінәлі деп тану туралы сот шешімі өзгеріссіз қалды.
И., К. және Д. жасаған қылмыстар ауырлығы орташа санатқа жататынын, ал Д. қылмыстық теріс қылық жасағанын, олардың алғаш рет сотталғандығын, жас балаларының болуын, оң сипаттамаларын ескере отырып, сот оларға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындады. Осылайша, күдіктілерге бас бостандығын шектеу және қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының ережелері негізінде сотталушылар тағайындалған жазадан босатылды.
Жеке тұлғалардан алынған көлік құралдары бойынша оларды қайтару туралы шешім қабылданды.