Трассадағы құтқару бекеттерінің жұмысы сын көтермейді - Елжан Біртанов
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жол бойындағы құтқару бекеттерінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Трассадағы медициналық-құтқару бекеттері денсаулық сақтау құрылымына, облыстық денсаулық сақтау басқармаларына берілуі тиіс деп есептейміз. Мұндағы қаржыландыруды өз мойнымызға аламыз. Яғни, облыстық жедел жәрдем станциясы құрылымында оларды қаржыландыруға әзірміз. Бірақ, кей өңірлер қарсы шықты. Менің ойымша, олар қаржыландыру болмағандықтан қарсы болып отыр», - деді Е. Біртанов елордада министрлік алқасының кеңейтілген отырысында.
Осыған байланысты Е. Біртанов вице-министрге қаржыландыру бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды.
«Күн сайын адамдардың жол апатынан зардап шеккені туралы ақпарат түседі. Арасында ажал құшқандары да бар. Барлық жерде жедел жәрдем жұмыс істеп жүр. Трассадағы құтқару бекетінің көмек көрсеткенін естімеппін. Ең алдымен жедел жәрдем бригадасының белгілі бір уақытта жеткенін көрсетеді, олардың жылдамдықтары жаман емес», - деді ол.
Сондай-ақ, министр трассадағы медициналық-құтқару бекеттеріне барғанын айтты.
«Құтқару бекеті деген аты ғана бар. Менің ондағы көргенім - нағыз деградация. Көліктері қираған, мамандары әлсіз, тіпті ауруды басатын және әсері күшті препараттарға лицензиясы жоқ. Шокқа қарсы шараны қалай жасайтындары түсініксіз. Сондықтан, бұл қызметті қолға алу қажет», - деді Е. Біртанов.
Бұған дейін министр ана өлімі көбейген өңірлерді сынға алған болатын.