Трассадағы малдың кесірінен Түркістан облысында 2 адам қаза тауып, 12-сі жарақаттанды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Төрт түліктің трассаға шығып кетуі салдарынан биыл Түркістан облысында 2 адам қаза тауып, 12 адам түрлі дене жарақатын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Түркістан облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Асылхан Төрехановтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде жол бойында жүрген үй жануарларының кесірінен 5 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 12 адам түрлі дене жарақатын алса, өкінішке орай 2 адам қаза тапқан. Ал өткен жылы осы себеппен 23 адам жарақат алып, 11 адам көз жұмды.

Сондай-ақ ол жол-көлік оқиғаларына себеп болатын өзге де жағдайларды атады. Мәселен, маневр жасау ережелерін бұзу, қозғалыстың қарсы жолағына шығу, қозғалыс жылдамдығын асыру, көлікте отырып ұялы телефон қолдану, рульде ұйықтап кету жағдайлары көптеп орын алады.

«Жолға шыққанда барынша сақ болу керек. Біздің мақсат айыппұл салу емес, барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жол апаттарының алдын алу, болдырмау. Осы бағытта «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Қауіпсіз жол» деген іс-шараларды атқарып келеміз», - деді Асылхан Төреханов.

Полиция полковнигі атап өткендей, ҚР ІІМ нұсқауына сәйкес ағымдағы жылдың 14-20 наурыз күндері аралығында облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Рейд барысында бұрын қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 20 қылмыскер ұсталып, облыс бойынша 4843 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.


Соңғы жаңалықтар