«Травматикалық қаруды пайдалануға тыйым салынады» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 28 қаңтар, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Елбасы Н. Назарбаев Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровты қабылдады. Министр Мемлекет басшысына 2013 жылдағы жұмыс қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев министрліктің жаңа өкілеттіктерге ие болуы мен оған су ресурстары, аң аулау және орман шаруашылығы жөніндегі, сондай-ақ балық шаруашылығы комитеттерінің берілуінің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы білікті кадрларды, атап айтқанда, су ресурстарын басқару және трансшекаралық өзендер мәселелері жөніндегі халықаралық келіссөздерді жүргізу саласындағы мамандарды даярлау жайына назар аударды.
Бас басылымның жазуынша, кеше Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті жәнен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Есепке алу-тіркеу тәртібінің күшейтілуіне байланысты еліміздегі тіркелген қылмыстар санының айтарлықтай өскенін де байқауға болады. Бұл жайындағы мақала «Бас қаланың қауіпсіздігі - басты назарда» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстанда травматикалық қарулардың ел арасындағы еркін айналымының дәуірі аяқталды. Мәжіліс «Ішкі істер органдары туралы» және оған ілеспе жаңа заң жобаларын мақұлдап, Сенатқа ұзатты. Бұл жобалар қабылдануы үшін Ішкі істер министрлігінің үлкен тер төккенін айта кеткен жөн. Өйткені олардың арқасында ішкі істер органдары сонымен бірге қосымша «әлеуметтік пакетке» де ие болды. Жалпы, Ішкі істер министрлігі полицейлерді әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларын басқа жобаға - құқық қорғау органдары туралы жаңа заң жобасына енгізген болатын. Мәселен, онда ІІМ өз қызметкерлерін, жинақтаушы жүйесінсіз, толық мемлекеттік зейнетақылық қамтамасыз етуге көшіруді ұсынды. Сондай-ақ Қарулы күштер, ҰҚК секілді құрылымдардағыдай, полиция қызметкерлеріне бюджет қаржысына баспана салып беруді қарастыратын бап қосты. Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Травматикалық қаруды пайдалануға тыйым салынады» деген мақаланы қарап шығыңыз.
Осы басылымдағы «Көкейдегі сауал» айдарында « Әлеуметтік желілер мен блогтарда айтылған сын үшін қылмыстық жауапкершілік енгізген дұрыс па?» деген мәселе көтеріліп отыр. Бұл тұрғыда сауалнама жүргізген газет тілшісі бірқатар қайраткерлердің пікірін ұсынып отыр. Әлихан Тойбаев, Мәжіліс депутаты: - Рас, соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен жекелеген блогтарда алуан түрлі пікірлер беріліп жүр. Қоғамның дамуы үшін бұл дұрыс та шығар. Маңыздысы сол, «бостандық берілді екен» деп әркім өзінің дәйекті-дәйексіз пікірін жазуға тиісті емес. Егер кімде-кім еш дәйексіз біреуді қаралап, өз ойын білдіретін болса, онда әлгі адам міндетті түрде әкімшілік жазаға тартылуы тиіс. Өйткені ол өзінің дәйексіз жазбалары арқылы елді адастырып қана қоймай, бейкүнә адамның азаматтық абыройына нұқсан келтіруі әбден мүмкін.
***
Тәуелсіздік алғанымызға 22 жылдан асса да, бүгінде мемлекеттік тіл мәселесінде талқыға салатын жайттар аз емес. Осы орайда «Ана тілі» басылымы мемлекеттік тілдің аймақтағы ахуалы төңірегінде әңгімелесу үшін Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасында болып, басқарма бастығы Махамбет Ихсанғали мен бас маман Гүлнәр Әлжановаға жолыққан. Бұл тұрғыда газет басқарма өкілдерінің пікірлерін ретіне қарай ұсынып отыр. Осы жайында басылымның соңғы санындағы «Қоғамдық тіл инспекциясы тиімділігін көрсетті» деген мақаладан оқи аласыздар.
***
«Жас қазақ» басылымының соңғы санында «Қажылықта қабыл болған дұға» деген тақырыппен «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясының директоры Аманкелді Еренғайыпұлының мақаласы көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Қажылық өтеп келгесін, бір айдан кейін Әнуар қажы маған телефон соғып: «Аллаға шүкір, келінім ұл тапты, тілегім орындалды, саған үлкен рахмет, алғысым шексіз», - деді. Кейін анықтасам, ол кісінің бір баласынан үш қыз немересі бар екен, келінінің аяғы ауыр екен. УЗИ-ге барып неше мәрте түссе де, қыз деп айтыпты, қажылыққа кетерінде келіні мен баласы аманат етіп: «Ұл болсын деп дұға жасаңыз», - деген екен. Алла тілекті қабыл етуші ғой, тілегі қабыл болып, ұл немерелі болып, атын Абдуразақ деп қойды. Осы сияқты оқиғалар әр қажылықта болып жатады»,-деп жазады мақала авторы.