Триатлоннан Азия чемпионатында венгриялық спортшылар топ жарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтіп жатқан триатлоннан Astana Asian Cup 2017 - Азия чемпионатында венгриялық спортшылар көш бастап тұр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Венгриялық триатлоншы Жанет Брагмайер 1:05:07 көрсеткішімен бірінші болса, оның отандасы Дороти Петроу (01:08:02) екінші болып келді. Үшінші болып мәреге украиналық Анна Абдулова (01:08:48) жетті. Қырғызстандық спортшы Валерия Уварова (01:14:38) төртінші орынға табан тіресе, отандасымыз Анастасия Автушко 01:15:12 нәтижесімен бесінші болып келді.
Ерлер арасындағы сайыста да венгриялық триатлоншы Ласло Тарнай үздік деп танылды. Екінші орынды да венгриялық Герге Шаош иеленді. Үшінші орын австралиялық Марсель Велингтонға берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әйелдер арасында және ерлер арасындағы Азия чемпионатының жүлде қорына 15 мың АҚШ долларынан тігілген. Триатлоншылар 750 метр қашықтықты өзенде жүзіп өтіп, 20 шақырымды велосипедпен бағындырған және соңғы 5 шақырымды жүгіріп өткен.
Astana Asian Cup 2017 шарасы Астана саябағының жаңа триатлон алаңында өтіп жатыр. 45 гектарға созылатын бұл алаңда жүгіруге арналған жолақтар, жанкүйерлер мен тақырыптық шатырлар және ойын-сауық аумағы бар.