«Триумф» балында халықаралық олимпиадалардың 365 жүлдегері бас қосады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы елордада өтетін «Триумф» балында ғылыми жобалар бойынша өткен халықаралық олимпиадалардың 365 жеңімпазы мен жүлдегері бас қосады. Бұл туралы бүгін №6 мектеп-гимназияда өткен соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиында Астана қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева айтты.

«Триумф» балында халықаралық олимпиадалардың 365 жүлдегері бас қосады

«Әдеттегідей елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Триумф» балы өтіп, онда ағымдағы жылы халықаралық олимпиадалардың 365 жеңімпазы мен жүлдегері бас қосатын болады», - деді ол.

Қалалық басқарма басшысының сөзіне қарағанда, биыл елорда мектептерінде 13 мың бала бірінші сыныпты аяқтаса, 2015 жылдың қыркүйегінде 15200 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.

«Өздеріңізде білесіздер, бізде жыл сайын бірінші сыныпқа қабылданатын балалар саны артып келеді. Осыған орай елордада мектеп құрылыстары да қарқынды жүргізілуде. Егер, 2013-2014 жылдары біз 5 мектепті пайдалануға берсек, ағымдағы жылы тағы 3 мектеп оқу жылына толық дайын болады», - деді ол.

Айта кетейік, биыл елорда мектептерін 4407 түлек бітірді. Оның ішінде 180-нен астамы «Алтын белгіге» үміткер. Олардың нақты саны Ұлттық бірыңғай тестілеуден кейін белгілі болады.