Тіркеуде тұрған: Қостанай облысында колледждің 45 студенті оқудан шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысының Қарабалық ауданында прокуратура Қазақстан агротехникалық колледжінен бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Сабаққа қатыспаған 45 студент оқудан шығарылып, жеті оқытушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Колледж директоры қызметінен босатылды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті. 

Тіркеуде тұрған: Қостанай облысында колледждің 45 студенті оқудан шығарылды
Фото: Kazinform/ЖИ

— Тексеру нәтижесінде 45 студенттің сабаққа іс жүзінде қатыспағанына қарамастан, колледжде білім алушылар қатарында тіркеліп келгені анықталды. Бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкеп соққан, — деп хабарлады прокуратурадан.

Сонымен қатар, бес жыл бойы қалдық құны нөлге тең көлік құралдарын есептен шығару бойынша тиісті шаралар қабылданбаған.

Бұдан бөлек, 65 студент тұратын жатақхананың техникалық жай-күйінде кемшіліктер анықталды.

Прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижесінде 45 студент оқудан шығарылып, 7 оқытушы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал колледж директоры атқаратын қызметінен босатылды.

Негізгі құралдарды есептен шығару рәсімі басталып, жатақхананы жөндеуге арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Прокуратура білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету, студенттердің құқықтарын қорғау және бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырмақ.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында мектеп бухгалтерлері 82 млн теңгеден астам қаржы жымқырғанын жаздық.