Тротуарда электросамокатпен жүруге тыйым салынуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Үкімет отырысында электр самокаттарды пайдалану ережелерін қатайту бастамасын көтерді.
Вице-министрдің айтуынша, жыл басынан бері елімізде электр самокаттың қатысы бар 361 жол-көлік оқиғасы тіркелген, салдарынан 365 адам түрлі дәрежеде жарақат алып, бір адам қаза тапқан.
– Былтыр да Ішкі істер министрлігі ережелерді қатаңдату туралы ұсыныс айтқан еді. Олардың біразы қолдау таппады. Осыған байланысты депутаттармен бірлесіп, тротуарда электросамокатпен жүруге тыйым салуды көздейтін жаңа түзетулер әзірленді, – деді Игорь Лепеха.
Сонымен бірге, кикшеринг компанияларының міндеттерін, әкімдіктердің пайдалану ережелерін қабылдау құқығы туралы ережелерді бекіту ұсынылады.
– Бұл да тиімді шара болар еді деп ойлаймыз: әкім қай көшеде, қандай уақытта жүруге рұқсат беріп, қайсысында тыйым салу керектігін өзі анықтай алады. Осылайша аумақтарды белгілеуге мүмкіндік туады. Бірақ ол кезде депутаттар бізді қолдамады, сондықтан осы мәселеге қайта тоқталдық, – деді министрдің орынбасары.
Айта кетейік, жыл сайын еліміздің жолдарында 2 мыңнан астам адам жол апатынан қаза тауып, 20 мыңнан астамы жарақат алады.
Сонымен бірге, жолдарды салу және жөндеу кезіндегі қауіпсіздік мәселесі талқыланды.