ЦАХАЛ Нетаньяху кабинетіне Рафахтағы операцияның жоспарын ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) елдің әскери кабинетіне Газа секторының оңтүстігінде орналасқан Рафах қаласында құрлық операциясының жоспарын, сондай-ақ бейбіт тұрғындарды ұрыс аймағынан эвакуациялау жоспарын ұсынды. Бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесі мәлім етті, деп хабарлайды Euronews

Рафах
Фото: Mohammed Dahman/AP Photo/picture alliance

Бұл мәлімдеме ЦАХАЛ-дың Рафахтағы құрлық операциясы басталар алдында жасалды. Нетаньяху бұл қаланы 2023 жылдың 7 қазанында Израильге кең ауқымды шабуыл жасаған ХАМАС радикалды исламдық қозғалысының «соңғы қорғаны» деп атайды.

Атысты тоқтату туралы келіссөздер жалғасып жатқанына қарамастан, Израиль премьер-министрі Рафахтағы шабуыл операциясының жоспарын кешіктірмей бекітуге ниетті. Нетаньяху жоспарды бекіту үшін осы аптаның басында кабинет отырысын шақырғысы келетінін мәлімдеді.
Рафах Газа секторының Мысырмен шекарасында орналасқан. Израильдің Газа секторында лаңкестерге қарсы әскери операциясы басталғалы қала миллионнан астам босқынды қабылдады.

Осы жағдайды ескере отырып, Израильдің бірқатар одақтастары, соның ішінде АҚШ та сабырлыққа шақырды. Дегенмен, Беньямин Нетаньяху Рафахтағы әскери операциядан бас тартпақ емес. Оның айтуынша, Рафахта ХАМАС-тың төрт батальоны қалатын болса, Израильдің соғыстағы мақсаты – содырларды жою мүмкін емес.

Израиль үкіметінің Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізу жоспарын бекіткені де атап өтілді. Бұл жоспар солтүстік және басқа аймақтарда тонаушылықты болдырмауға арналған.

Соңғы жаңалықтар