ТШО 2014 жылдың 1 жартыжылдығында 13 млн. тонна мұнай өндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Теңізшевройл» ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында 13 млн. тонна мұнай өндірді, деп хабарлады аталған компанияның баспасөз қызметінен.

ТШО 2014 жылдың 1 жартыжылдығында 13 млн. тонна мұнай өндірді

«2014 жылдың бірінші жартысында мұнай өндіру көлемі 13 миллион тоннаны (104 миллион баррель) құрады. ТШО мұнайды бірнеше тасымалдау бағыттары бойынша экспортқа шығарады. Атап айтқанда, шикі мұнайды Каспий құбыры концорциумы арқылы Новороссийскіге және темір жолмен Одесса, Тамань, Ақтауға, әрі қарай Батуми, Кулевиге экспортқа жібереді», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ТШО сұйытылған газ сату көлемін 627 мың тоннаға, ал құрғақ газ сату көлемін 3,3 миллиард текше метрге жеткізген. Бұдан бөлек компания 1,8 миллион тонна күкірт сатқан, бұл аталған кезеңдегі өндірілген 1,1 миллион тонна күкірттің 166 пайызын құрайды. 2014 жылдың 30 маусымындағы мәліметке сәйкес, күкіртті сату бағытындағы табысты жұмыс нәтижесінде Теңіз кен орнындағы сақталған күкірт көлемі 450 мың тоннаға дейін азайтылған.

«Теңізшевройл жоғары сапалы күкірттің төрт түрін, ең алдымен, Жерорта теңізі бассейні мен Орта Азия елдеріндегі тұтынушыларға және Қазақстан, Ресей, Украина, Қытайға жеткізуде», - делінген компания ақпаратында.