Цифрландыру Павлодар өңіріндегі өрт оқиғаларын азайтуға сеп болып отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жыл басынан бері облыста дала және орман алқаптарында 23 рет өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 30 пайыз аз.

а
Фото: Ертіс орманы резерваты

Өңірде мамыр айының соңынан бері аптап ыстық тұр. Соған орай өрт қаупінің ең жоғары бесінші деңгейі жарияланған.

- Қазір облыс аумағында өрт қауіпті деңгейі жоғары деп саналады. Сол себепті департамент қызметкерлері қауіпті кезең басталғалы 800-ден астам рейдтік шаралар жүргізді. Жыл басынан бері облыста 23 рет өрт болған. Былтырғымен салыстырғанда едәуір азайған. Орман және дала өрттерін ерте анықтап, дер кезінде сөндіру үшін заманауи цифрлық технологиялар қолданылып жатыр. Орман шаруашылықтарындағы мұнараларға орнатылған бақылау камералары тәулік бойы жұмыс істейді. Олар аумақты шолып, түтінді ондаған шақырым жерден анықтай алады, - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жоспарлау және жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Дамир Абылқайыров.

«Ертіс орманы» резерваты аумағында 23 камера орнатылған. Сонымен қатар орман-тоғайларда облыс әкімдігінің жер қойнауын пайдалану басқармасына қарасты 18 камера бар. Қазір тағы 8 камера орнатылып жатыр. Ал Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 8 камераны іске қосу процесі жүріп жатыр.

Еске сала кетейік, «Ертіс орманында» өрт қауіптілігінің төтенше деңгейі жарияланды.