Цифрлық активтерді күнделікті төлемдерде қолдану қалай іске асып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық активтерді тұрғын үй саласында қолдану бойынша да жаңа жобалар іске асвп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов мәлім етті.
- Цифрлық активтерді күнделікті төлемдерде қолдану бағыты да дамып келеді. Binance Kazakhstan және Alatau City Bank-пен бірлесіп цифрлық активтермен төлем жасау мүмкіндігі іске қосылды. Пайдаланушының QR-код арқылы цифрлық активтермен төлеуге, ал сатушының төлемді теңгемен қабылдауға мүмкіндігі бар. Бүгін бұл сервис Қазақстан бойынша 5 000-нан астам сауда нүктесінде қолжетімді. Қазірдің өзінде 100-ден астам транзакция жүргізілді. Келесі кезеңде Halyk Bank, Freedom Pay және Tarlan-мен интеграция жоспарланған. Сонымен қатар, күнделікті төлемдер үшін теңгеге байланған стейблкоиндарды енгізу қарастырылуда, - деді Ғ. Байтұрсынов.
Оның айтуынша, цифрлық активтерді тұрғын үй саласында қолдану бойынша да жаңа жобалар іске асырылуда. Соның бірі - Baspana Hub платформасы. Baspana Hub тұрғын үйге қатысты негізгі қызметтерді бір жерде біріктіруге мүмкіндік береді. Платформа арқылы тұрғын үй іздеуге және жылжымайтын мүлік туралы қажетті ақпаратты алуға болады.
Сонымен қатар, аталған платформада жылжымайтын мүлікті токенизациялау бойынша функциясын қосу жоспарланған. Бұл азаматтарға пәтерді толық сатып алмай-ақ, оның белгілі бір үлесіне инвестиция салуға мүмкіндік береді. Қазір осы модельді реттеу, банктермен интеграция және сервистерді кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде 76 лицензияланған майнер бар.