Цифрлық активтерді реттеу жаңа кодексте қарастырылады
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтайда цифрлық экономиканы ескере отырып жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі Президенттің бастамасы талқыланды.
Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде «Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауы: цифрлық экономика тұрғысынан азаматтық заңнаманы жетілдіру және қайта қарау мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. «Әділет» партиясы мен Maqsut Narikbayev University бірлесіп ұйымдастырған алқалы жиынға Құрылтай төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров қатысты.
Отырыста комитет төрағасы Үнзила Шапақ бұл іс-шара Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жаңа Азаматтық кодексті қабылдау қажеттігі туралы бастамасын іске асыруға бағытталғанын атап өтті. Ол қолданыстағы Азаматтық кодекске қабылданған сәттен бері 150-ден астам өзгеріс пен толықтыру енгізілгенін айтты. Құжатта заманауи шарттық институттардың жоқтығы Қазақстанның шетелдік әріптестер үшін инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Ал цифрлық активтер мен смарт-келісімшарттарды реттейтін нормалардың болмауы IT-сектор мен инновациялық экономиканың дамуын тежейді.
– Жаңа Азаматтық кодексті қабылдау – елдің құқықтық егемендігін нығайту, Қазақстан Республикасының тұрақты экономикалық өсуін және құқықтық жаңғыртылуын қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық қадам. Президент Құрылтай депутаттарының алдына Үкіметпен бірлесіп құжатты әзірлеуге кірісу және оны келесі жылдың соңына дейін қабылдау туралы нақты міндет қойды. Бұл жұмыс заңнама бойынша сарапшылар қауымдастығымен бірге барлық тараптың бірлесіп әрекет етуін талап етеді, – деді Үнзила Шапақ.
Вице-спикер Нұрлан Бекназаров өз сөзінде дөңгелек үстел Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың тапсырмасы бойынша ұйымдастырылғанын атап өтті. Ол 1995 жылы қолданысқа енгізілген Азаматтық кодекс Қазақстанның азаматтық заңнамасының берік негізіне айналғанын еске салды. Алайда уақыт талабына орай, оны жетілдіру қажеттілігі әлдеқашан жеткен болатын
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында болашақтың экономикасына байыппен көшудің құқықтық негізіне айналатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажеттігін атап өтті. Электрондық мәмілелер, цифрлық активтер, платформалық экономика, жасанды интеллект технологиялары және деректер айналымы дәстүрлі азаматтық құқық институттарына жаңа талаптар қойып отыр. Бұл ретте жаңа құқықтық реттеу экономиканың дамуына кедергі келтірмеуге, керісінше, инновациялар мен кәсіпкерлік бастамалар үшін қолайлы жағдай жасауға, азаматтық айналымның құқықтық сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге тиіс, – деді Нұрлан Бекназаров.
Вице-спикердің айтуынша, дөңгелек үстел мемлекеттік органдардың, ғылыми және сараптамалық қоғамдастықтың пікірлерін тоғыстыратын маңызды кәсіби алаң болып отыр.
«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов жаңа Азаматтық кодекс пен қолданыстағы заңдардың келісілуін қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды. Оның пікірінше, әзірлеушілер нормалардың екіұшты болмауы үшін заңды тұлғалар, корпоративтік қатынастар, мұрагерлік және зияткерлік меншік мәселелерін реттеудің бірыңғай терминологиясы мен құқықтық тәсілдерін қалыптастыруы қажет.
– Бұл ретте «Заң және Тәртіп» қағидатын да ескеру керек. Цифрлық экономиканың дамуы заңдылықты нығайтумен, азаматтардың құқықтарын қорғаумен және цифрлық ортадағы заң бұзу үшін жауапкершілікті қамтамасыз етумен қатар жүруге тиіс. Біз жаңа технологиялардың ұйымдар, цифрлық платформалар немесе автоматтандырылған жүйелер алдында заңды түрде осал болып қалуына жол бермеуіміз керек, – деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Сондай-ақ, Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев, Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова, «Әділет» партиясының «Әділетті Орта» үйлестіру-талдау орталығының жетекшісі Абзал Құспан баяндама жасады.
Дөңгелек үстел барысында депутаттардың, шақырылған заңгерлер мен сарапшылардың қатысуымен тақырыптық пікірталас өтті.
Комитет төрағасы Үнзила Шапақ жиынды қорытындылай келе, барлық қатысушыларға мазмұнды баяндамалары мен жан-жақты сындарлы талқылауы үшін алғысын білдірді. Ол айтылған барлық ескертулер мен ұсыныстар Азаматтық кодекс жобасын әзірлеу кезінде ескерілетінін атап өтті.
Айта кетелік Үнзила Шапақ жаңа Азаматтық кодексті қабылдау уақыт талабы екенін айтқан еді.