Цифрлық даму министрі +7 кодын қалдырудың себебін айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев +7 кодын қалдырудың себебіне түсінік берді.

Жаслан Мәдиев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер: «Қазақстан неліктен +7 телефон кодын қалдырды? Ресейге қарсы санкциялар аясында еліміздегі бұл жүйеге қатысты проблема болуы мүмкін бе?», - деп сұрады.

«Санкциялар бойынша алаңдаудың реті жоқ. Санкциялық мәселелердің жалпы кодқа қатысы болмайды. Шынымен де дүниежүзілік нөмірлеудің 7-ші аймағын бірлесіп (Ресеймен бірге) пайдаланып жатырмыз. Алайда осы жетілік аясында бізде қосымша нөмірлеу бар және ол тек Қазақстанға тиесілі. Бұл тұрғыда «+77», «+76» бар, сондай-ақ қосымша «+70» бойынша келісімге келеміз. Бұл нөмірлеу тек Қазақстанға қатысты болады», - деді Ж. Мәдиев.

Оның айтуынша, бұған дейін телефон кодын ауыстыруға қатысты сала сарапшылармен тиісті талқылау болды.

«Сарапшылар қауымы бұл идеяның тиімсіз екенін атап өтті», - деді министр.

Еске салсақ, биыл маусым айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанның неліктен +997 кодына ауыспағанын түсіндірді.

Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын сол кездегі министр Бағдат Мусин Қазақстанның +997 телефон кодына өткелі жатқанын жеткізген еді.

Ол елімізге +997 нөмірін БҰҰ бергенін және ол кодтың Қазақстан үшін неліктен сұралғанын түсіндірді.

Дегенмен былтыр қарашада Қазақстан +997 кодынан бас тартты.

Сонымен қатар Қазақстан +77 кодын өзіне алу үшін тиісті ведомстволармен келіссөз де жүргізген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар