Цифрлық даму министрлігі: eGov-тағы ақау құрал-жабдыққа қатысты болды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек өткен аптадағы eGov порталындағы техникалық ақаудың себебіне қатысты түсінік берді.

- Оның неден болғанын анықтап жатырмыз. Нақты осы ақау қай құрал-жабдықтан болғанын анықтадық. Біздің инженерлер тексеріп жатыр. Яғни мамандар бұл ақаудың шығуына әсер еткен барлық экожүйені зерделеп жатыр. Бұл тұрғыда барлық мәселе құрал-жабдыққа қатысты. Қазір тексеру жүріп жатыр, сондықтан бұл жайында толық айта алмаймын, - деді А. Оразбек Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, жүйедегі ақау сағат 10:25-те тіркелді. Ал сағат 13:59 кезінде жүйе толықтай іске қосылды.
Еске салсақ, жақында бірнеше мемлекеттік порталдың жұмысынан техникалық ақау шықты.
Кейіннен Азаматтық авиация комитеті eGov порталындағы техникалық ақауларға қатысты бүгін ұшып шығатын барша жолаушыға ескерту жасады.